«Экология және тұрақты даму» оқулығын жазуға еліміздің 3 мыңнан астам оқушысы қатысты (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - 12 жылдық мектептерге арналған «Экология және тұрақты даму» оқулығын жазуға еліміздің 3 мыңнан астам оқушысы қатысты. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Әлия Назарбаеваның «Жандану» экологиялық жобасы аясында ҚР Білім және ғылым министрлігі шығарған оқулықтың тұсаукесер рәсімінде мәлім болды. Оқулық 12 жылдық сынақ мектептерінің 12-сынып оқушыларына арналған.

«Экология және тұрақты даму» оқулығын жазуға еліміздің 3 мыңнан астам оқушысы қатысты (ФОТО)

«Жандану» жобасы осыдан екі жыл бұрын қолға алынған болатын. Оның басты мақсаты - оқушыларлың құндылықтар жүйесі арқылы оларлың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Жобаның басынан бастап біз алдымызға жаһандық маңыздағы мақсаттар мен тапсырмалар қойдық. Осындай тапсырмалардың бірі «Экология және тұрақты даму» оқулығын жазып шығу болды. Міне, бүгін сол кітапты мақтанышпен көрсете аламыз», - деді «Жандану» жобасының білім беру бағдарламалары департаментінің жетекшісі Мұрат Исаханов.

Оның айтуынша, оқулықты жазып шығуға еліміздің барлық өңірлерінің оқушылары қатыстырылған.

«Оқулықтың ерекшелігі - оның негізгі авторлары төртеу, ал атсалысқан авторлардың тізімі Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұратын 3 мыңнан астам оқушылардан құралған. Өйткені оқулық екі жыл бойы еліміздің барлық облыс орталықтарында сынақтан өткізілді. Менің ойымша, фильміміздің сюжетін көрген әрбір оқушы өзіндік пікірін қосып, енді оқулықтан соларды да оқи алады», - деді ол.