Экологияға қатысты ірі өндірістерге талаптар қойылады – заң жобасы

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.

түтін, экология, ауа сапасы
Фото: Александр Павский/Kazinform

Жалпы, экология саласын цифрландыруға ерекше мән беріліп отыр.

- Құжат аясында көміртегіне қатысты отандық биржаны қалыптастыру ескерілген. Екіншіден, көміртегінің әсерін азайту үшін көгалдандыру, ағаш отырғызу мәселесін шешу қарастырылған, - деді Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, заң жобасы бойынша «Қазгидрометке» байланысты ұсыныстар қамтылған.

- «Қазгидромет» 100 пайыз мемлекеттің қарамағында. Сондықтан бюджетке түсетін салмақты азайту үшін, яғни аталған мекеменің ғылымға қатысты бағытын бәсекелестік ортаға беру ұсынылды. Бұл норма осы заң жобасында талқыланады, - деді депутат.

Мұнымен қоса ол мұнай әрі газ тасымалдайтын құбырлардың санаттарын өзгерту қарастырылғанын айтты. Бұл ретте II санаттан I санатқа ауыстыру қажет. Санатты анықтау жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес, ластаушы заттардың шығарындылары жылына 1000 тоннадан артық болған жағдайда – нысан I санатқа жатады.

Ерболат Сатыбалдиннің сөзіне қарағанда, ауаны көп ластайтын ірі өндірістерге де талаптар қойылады.

- Мониторингілеудің автоматтандырылған жүйесі нақты шығарындылардың аумағын көрсете алады. Бұл тұрғыда ішкі нарықты реттеу аясында биржаны құрамыз. Сол кезде олар алдын ала өздерінің шығарындыларына тиісті сомада ақша төлейді. Автоматтандырылған жүйе осы көлемді анықтап тұрады. Егер бұл қалдықтар тиісті белгіленген көлемнен көбірек болса, онда айыппұл төлейді. Осы орайда қомақты төлем қарастырылған, - деді депутат.

Еске сала кетейік, 2021 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің XVII өңіраралық ынтымақтастық форумында Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізетінін мәлім еткен еді

Былтыр желтоқсан айында елімізде көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің жол картасы әзірленіп жатқаны айтылды

Соңғы жаңалықтар