Экологиялық бақылау: 60% өнеркәсіп Ұлттық деректер банкіне қосылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі жөніндегі Ұлттық деректер банкі құрылды. Жаңа жүйеге еліміздегі кәсіпорындардың 60%-ы қосылды. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрлан Құрмалаев айтты.

интернет
Фото: Pyxabay.com

— Енгізілген цифрлық жобалар жайлы айтар болсақ, бірінші жоба — Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі жөніндегі Ұлттық деректер банкі. Бұл платформа «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша Экологиялық қордың барлық инфрақұрылымына қолжетімділікті және мемлекет, табиғат пайдаланушылары мен жұртшылық арасындағы толық өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді. Ол мыналарды қамтиды: эмиссиялар шығарындыларын бақылаудың автоматтандырылған жүйесі; өндірістік экологиялық бақылау; қалдықтар мен көміртегі шығарындыларының мемлекеттік кадастрлары; қоғамдық тыңдаулар; ластаушы заттардың шығарындылары мен тасымалының тіркелімі, — деді ол. 

Вице-министр жаңа жүйеге қазірдің өзінде елдегі кәсіпорындардың шамамен 60%-ы қосылғанын айтты.

— Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың түтін шығаратын мұржаларына ластаушы заттардың концентрациясын анықтап, мәліметті деректер банкіне беретін арнайы датчиктер орнатылуда. Кәсіпорындардың шамамен 60%-ы жүйеге қосылды және олардан әрбір 20 минут сайын деректер жіберіліп отыр, — деді Нұрлан Құрмалаев. 

Спикердің айтуынша, жүйе деректерді жинап қана қоймайды, ол дер кезінде жағдайды сараптай алады. Заң бұзушылық тіркелген жағдайда, атап айтқанда, түтіннің концентрациясы белгіленген лимиттен асып кетсе, оны жою жөнінде шаралар қабылдау үшін мүдделі тараптарға автоматты түрде хабарлама жібереді.

Соңғы жаңалықтар