Экологиялық білім берудің бірыңғай стандарты әзірленді

АСТАНА. KAZINFORM — Экологиялық білім берудің бірыңғай стандарты әзірленді. Бұл туралы Құрылтай депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

Экологиялық білім берудің бірыңғай стандарты әзірленді
Фото: Kazinform\ЖИ

— «Таза Қазақстан» қағидаттары колледждер мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім беру бағдарламалары, экологиялық жобалар мен волонтерлік қызмет арқылы жүйелі түрде іске асырылады. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, мектепке дейінгі тәрбиеден бастап жоғары білімге дейінгі барлық білім беру деңгейлерінде экологиялық білім берудің бірыңғай тәсілдерін, сабақтастығын және оның нәтижелерін өлшеу тетіктерін қарастыратын Экологиялық білім берудің бірыңғай стандартының жобасын әзірледі, — деді Үкімет басшысы.

Премьер-министрдің атап өтуінше, «Таза Қазақстан» бастамалары, оның ішінде экологиялық білім беру және білім алушылардың жоғары экологиялық мәдениетін қалыптастыру мәселелері білім беру ұйымдарының оқу-тәрбие процесіне енгізілген.

— Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне көрсетілген бағыттар бойынша жүйелі жұмысты қамтамасыз ету тапсырылды, — деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, бұған дейін Құрылтай депутаты Мейірхат Қасымбаев Үкіметке «Таза Қазақстан» қағидаттарына негізделген тәрбие үлгісін балабақшадан бастап енгізуді ұсынған еді.