Экологиялық дағдарыс жаһандық қауіпсіздікке әсер етіп отыр – БҰҰ ДБ өкілі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазіргі таңда әлем экологиялық дағдарыспен бетпе-бет келіп отыр. Бұл туралы ЭЫҰ шеңберіндегі экологиялық ынтымақтастық платформасы бойынша жоғары деңгейдегі алғашқы диалогта БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Өзбекстандағы Тұрақты өкілі Акико Фудзии мәлімдеді.

Акико Фудзии
Фото: gazeta.uz

Оның айтуынша, биоалуантүрліліктің азаюы, қоршаған ортаның ластануы және климаттың өзгеруі өзара тығыз байланысты және экожүйелердің әлсіреуіне әкеліп отыр.

— Бұл үдерістер жаһандық әрі өңірлік қауіпсіздікке әсер ететін тәуекелдерді күшейтеді. Сондықтан мұндай сын-қатерлерді ескеріп, кешенді түрде әрекет ету қажет, — деді ол.

Спикердің сөзінше, Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше елдер үшін экологиялық саясат экономикалық факторлармен тығыз байланысты.

— Экологиялық проблемалар жұмыс орындарының қысқаруына, нарықтағы тұрақсыздыққа және көлік дәліздері арқылы өтетін сауда ағындарына әсер етуі мүмкін. Бұл өз кезегінде өңірдегі экономикалық тұрақтылыққа қауіп төндіреді, — деді Акико Фудзии.

Сондай-ақ ол табиғи апаттарды басқаруда цифрлық шешімдердің маңызын атап өтті.

— Деректер алмасу жүйелерін дамыту және цифрлық технологияларға негізделген жүйелерді енгізу жедел әрі тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді, — деді БҰҰДБ өкілі.

Оның пікірінше, мұндай жоғары деңгейдегі диалог өңірлік ынтымақтастықты күшейту үшін маңызды.

— Бүгінгі талқылау барысында негізгі басымдықтар айқындалып, бұл өзара әріптестікті одан әрі нығайтуға негіз болады, — деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, саммит аясында Арал өңіріндегі экологиялық ахуалды жақсартуға және өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған төрт маңызды құжатқа қол қойылды.