Экологиялық акция: Қарағанды облысында 3 мың гектарға жуық аумақтан қоқыс жиналды
Қарағандылықтар «Мекенім – жасыл орманым» ағаш отырғызу акциясын бастады.
Мемлекеттік орман қоры аумағында 146,58 мың екі жылдық жапырақты ағаш көшеттері және қалалар мен аудандардың елді мекендерінде 9,5 мың ағаш отырғызылды.
Акцияға 6 184 адам қатысты.
Бүгін мектеп жанындағы учаскеге ағаш отырғызу бойынша «Бұл – менің ағашым» челленджі іске қосылды.
504 мектеп пен 39 колледж аумағында 11 мың оқушы 5,4 мың көшет отырғызды.
Сондай-ақ, «Таза табиғат» жобасы бойынша бірнеше акция өтті.
«Бірге таза Қазақстан» акциясына облыстың 22 мың тұрғыны қатысты.
Бекітілген 111 және бекітілмеген бес су айдынының жағалау жолақтары тұрмыстық қоқыстан тазартылды. «Таза су айдындары» байқауына 6,3 мың адам қатысты.
«Су көзін ашу, бұлақтарды тазарту» аясында 94 бұлақ тазартылды. Оған 1,2 мың адам атсалысты.
Облыстың мемлекеттік ұлттық саябақтарының аумағына ағаш отырғызылды, балалар сурет байқаулары, аумақты абаттандыру шаралары өткізілді.
«Саябақтар шеруіне» 320 адам қатысты.
Аталған акциялар облыстың барлық қалалары мен аудандарында өтті және олар бір айға созылады.







