Экологиялық ақпараттардың қолжетімділігі мемлекеттік қызмет тізіміне енгізілді

Бұл туралы бүгін Астанада «Ақпаратқа кіру, шешімдер қабылдау үрдісіне жұртшылықтың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қол жеткізу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары вице-министрі Бектас Мұхамеджанов мәлім етті.
«Заң жобасы өте маңызды, себебі ол мемлекет қызметінің өзекті мәселелерін қозғайды. Мемлекеттік құпиялардан өзге, мамандардың пікірінше, қоғамға жарияланбауы тиіс сұрақтар бар. Сондықтан бізге қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы тиіс және құпия сақталуы қажет ақпараттарды анықтау қажет. Биыл экологиялық қор аясында ақпараттардың жариялылығы мемлекеттік қызмет тізіміне енгізілді және келесі жылдан бастап ол қаржыландырыла бастайды. Ақпараттардың қолжетімділігін қажетті деңгейде қамтамасыз ете аламыз деген сенімдемін», - деді вице министр.
Вице-министрдің айтуынша, аталмыш заң жобасы Орхус конвенциясын іске асыру жоспарына сәйкес жасалып жатқан іс-қимылдарды жүйеге келтіреді. Сондықтан Орхус конвенциясын жүзеге асырудағы әкімшілік және құқықтық мәселелерді талқылап, ол түйткілдерді азаматтық қоғам және халықаралық ұйымдардың бірлесуімен шешудің жоспарланып жатқанын жеткізді.
Орхус конвенциясы - ақпаратқа кіру, шешімдер қабылдау үрдісіне жұртшылықтың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қол жеткізу мәселелерін қамтитын халықаралық келісім. Оған әлемнің 46 елі 1998 жылы Данияның Орхус қаласында өткен отырыста қол қойған. Қазақстан бұл конвенцияны 2000 жылы ратификациялады.