Экологиялық инспектор кәсіпкерлерден заңсыз 90 миллионға жуық теңге шығын өтеп алмақ болған - Прокуратура
АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат - Мемлекеттік экологиялық инспектор кәсіпкерлерге қатысты заңсыз 87,9 млн. теңге мөлшерінде шығынды өтеу туралы талап қойған,
деп хабарлайды Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі
«Астана қаласының прокуратурасы кәсіпкерлік субъектісінің құқығын қорғады. Астана қаласының прокуратурасы «ЦентрСтройКомплект НС» ЖШС-нің арызы бойынша тексеру барысында Есіл экология департаментінің осы ұйымда жүргізілген тексеру нәтижесінде, өз бетінше жер қойнауын пайдаланғаны үшін 87,9 млн. теңге мөлшерінде шығынды өтеу туралы талап қойылғандығын анықтады. Ал компания басшылығы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 800 мың теңгеден астам айыппұл салынған», - делінген хабарламада.
Прокуратураның мәлім етуінше, оның үстіне кәсіпкерлерге қатысты қоршаған ортаға зиян келтіру фактісі бойынша Астана қаласының Алматы аудандық ІІБ-сымен қылмыстық іс қозғалған.
«Алайда, мемлекеттік экологиялық инспекторының тексеру жүргізу кезінде мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы заңнама талаптарын өрескел бұзуға және негізсіз дәлелдемелерді қолдануға жол берген, тиісінше ЖШС-ке заңсыз талап қойылып, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке негізсіз тартылған. Қала прокуратурасы анықталған заң бұзушылықтар бойынша прокурорлық қадағалау шараларын қолданып, нәтижесінде барлық әкімшілік және қылмыстық істер қысқартылып, енгізілген ұйғарым мен талап кері қайтарылды», - деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Департаменттің жауапты қызметкері қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.