Экологиялық кодекске енгізілетін түзетулер екінші оқылымда талқыға салынады
АСТАНА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті «Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне экологиялық қауіпті технологияларды, техника мен жабдықты әкелуді реттеу мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымға дайындады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бұл заң жобасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2007 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы қоршаған ортаны ластайтын ескірген технологияларды бақылаусыз әкелуге жол бермеу үшін заңдарды жетілдіру жөнінде берген тапсырмасына байланысты әзірленген.Осыған орай заң жобасында Экологиялық кодекске экологиялық қауіпті технологияларды, техника мен жабдықты әкелуді реттеу, мемлекеттік экологиялық сараптаманың нәтижелері бойынша бірнеше рет қауіпті деп танылған технологиялардың жекелеген түрлерін әкелуге тыйым салуды енгізу бөлігінде түзетулер енгізу көзделген.Заң жобасы қабылданған жағдайда экологиялық қауіпті технологияларды, техника мен жабдықты әкелуге шектеу салынады. Соның нәтижесінде қоршаған ортаның ластану деңгейі, өндіріс және тұтыну қалдықтарының саны біртіндеп төмендейтін болады.