Экологиялық кодекске қауіпті технологияларды, техника мен жабдықтарды әкелуге тыйым салатын өзгерістер енгізіледі

АСТАНА. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР Экологиялық кодексіне экологиялық қауіпті технологияларды, техника мен жабдықты әкелуді реттеу мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Аталған құжат экологиялық талаптарға сай келмейтін технологияларды, техника мен жабдықтарды елге әкелуге тыйым салады,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Заң жобасы табиғи ресурстарды орынды пайдалану және қоршаған ортаның ластану, ескірген «лас» технологияларды бақылаусыз әкелу, жаңартылған ресурстарды тиімді пайдалану секілді проблемаларды шешу үшін қажетті заңнамалық базаны қалыптастыруға бағытталады. Құжат бойынша баяндама жасаған Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақовтың айтуынша, бүгінгі күні елімізге пайдаланылған ресурсы бар және экологиялық талаптарға сай келмейтін технологияларды, техника мен жабдықтарды көптеп әкелудің салдарынан қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келуде. Осыған байланысты халықаралық тәжірибеге сәйкес экологиялық талаптарға сай келмейтін жабдықтарды әкелуді шектеу жөнінде тетік қалыптастыру ұсынылады. «Заң жобасын қабылдау кәсіпорындарды шет елдерден келетін ескі әрі зиянды технологияларды қолданудан бас тартуға ынталандыруға бағытталады. Бұндай зиянды технологиялардан әлемнің дамыған елдерінің барлығы бас тартып келеді. Ал біздегі «лас» технологияларды шектеу ендігі күні Экологиялық кодекске өзгерістер енгізу арқылы жүзеге аспақ. Бұл мәселе әсіресе, әлемдік дағдарыс жағдайында көптеген мемлекеттердің өз аумағына тиімсіз технологияларды әкелуді шектеп отырған тұста өзекті болып отыр», деді министр Н. Ысқақов. Оның айтуынша, заң жобасын қабылдаған жағдайда экологиялық қауіпті технологияларды, техника мен жабдықтарды әкелу шектеледі, сондай-ақ оларды Қазақстан аумағына әкелуді мемлекеттік реттеу жүзеге асырылатын болады.
Соңғы жаңалықтар