Экологиялық қылмыстар Қазақстанға жыл сайын 3,5 млрд теңге шығын әкеледі
Портал мәліметінше, 2017 жылдың басынан 2022 жылдың қыркүйегіне дейін Қазақстанда жыл сайын 1,1 мыңға жуық экологиялық қылмыстық құқық бұзушылық жасалған.
Олардың саны жыл өткен сайын азайып келе жатқанымен, елге келтіретін қаржылық шығын артып келеді.
Өткен жылы экологиялық құқық бұзушылықтардан Қазақстан 5,3 млрд теңге шығынға батты. Бұл - 2017 жылдан бергі рекордтық сома болып отыр.
2017 жылдан бастап құқық бұзушылар Қазақстанға жыл сайын орта есеппен 3,5 млрд теңге көлемінде – мемлекеттің өзіне де, заңды және жеке тұлғаларға да зиян келтіреді.
Алайда, кінәлілер шығынның орнын толтырып, қазынаны толтыруға асықпайды.
Мәселен, соңғы 5 жылда орта есеппен тәртіп бұзушылар жылына небәрі 676,5 млн теңгені немесе жалпы залалдың 19 пайызын ғана өтеген.
Бұған сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында, сондай-ақ сотқа жіберілген істер бойынша келтірілген залалды өтеу де кіреді.