Экологиялық сенбілік: Көкшетауда 232,5 текше метр қоқыс жиналды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Экологиялық айлық шеңберінде Көкшетау қаласының аумағын абаттандыру және санитарлық тазалау бойынша экологиялық сенбілік өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Экологиялық сенбілік: Көкшетауда 232,5 текше метр қоқыс жиналды

Сенбілікке жергілікті кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер, коммуналдық кәсіпорындар, ПИК және басқа да бюджетті ұйымдар мен жоғары, орта білім ордаларының студенттері және қала тұрғындары жұмылдырылды.

Сондай-ақ, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев та қолына жұмыс қолғабын киіп, қаланы қоқыстан тазарту жұмыстарына қатысты.

Қала әкімдігінің ақпаратына сәйкес, сенбілікте облыс орталығындағы гүлбақша мен гүлзарларды тазалаумен қатар, құл-қоқыстар мен басқа да тұрмыстық қалдықтардан тазарту, көшеттердің түбі мен көше жиектастарын ақтау сияқты жұмыстар істелді.

Сенбілікте жиналған 232,5 текше метр қоқыс 19 арнайы көлікпен қала сыртындағы қатты-тұрмыстық қалдықтарды төгетін полигонға тасымалданды.