Экологиялық талаптарды орындау жауапкершілігін күшейту мақсатында қылмыстық және әкімшілік кодекстерге түзетулер енгізіледі

АСТАНА. 10 ақпан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Табиғат пайдаланушылардың экологиялық талаптарды орындау жауапкершілігін күшейту мақсатында қылмыстық және әкімшілік кодекстерге түзетулер енгізіледі.
None
None

Бұл туралы бүгін Парламентте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын таныстырған Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов мәлім етті.

«Табиғат пайдаланушылардың экологиялық талаптарды орындау жауапкершілігін күшейту мақсатында қылмыстық және әкімшілік кодекстерге түзетулер енгізіледі» - деді министр.

Оның атап өтуінше, экологиялық құқық бұзушылық бойынша қылмыстық заңнаманы қолдану мәселелері құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінде бірнеше мәрте қаралған. Сонымен қатар қылмыстық нормалардың бүгінгі күні тиімсіз және жаңа экологиялық қауіптерге сәйкес келмейтіндігі дәлелденген. «Экологиялық қылмыстарға арналған 18 баптың 3-4 бабы ғана нақты қолданылады. Оның өзі браконьерлік үшін. Соңғы 5 жылда экологиялық заңнаманың көптеген дөрекі бұзылуына қарамастан айыптылардың біреуі де қылмыстың жауапкершілікке тартылмаған. Заңнаманың солқылдақ тұсы қылмыскердің жазаға тартылмауына мүмкіндік береді. Бұл жағдайларды түзету үшін заң жобасына экологиялық қылмыстардың өлшемдері енгізіледі», - деді Н.Әшімов.

Залалдың өлшемі қоршаған ортаға келтірілген залалды өндіру жөніндегі қолданыстағы тәжірибе бойынша айқындалғанын баса айтқан министрдің сөзіне қарағанда, осы түзетулер экологиялық кодексті және заң жобасының нормаларын мүлтіксіз орындауды қамтамасыз етпек.

Соңғы жаңалықтар