Экологиялық төлемдердің 70 пайызы табиғатты қорғау шараларына жұмсалуы тиіс

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда жергілікті атқарушы органдар экологиялық төлемдердің 70 пайызын табиғатты қорғау шараларына жұмсауға міндеттеледі.

Бұл туралы бүгін ҚР Энергетика министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зұлфыһар Жолдасов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемдер мен бюджет қаражатын мақсатты пайдалану өте маңызды тақырып. Бірінші санаттағы кәсіпорындарға ластаушы заттар эмиссиясы үшін ставкалар мен төлемдерді айтарлықтай арттыру, ал жаңа қолжетімді технологияларды енгізген кәсіпорындар үшін нөлдік ставка қолдан көзделіп отыр», - деді ол елордада өтіп жатқан «Экологиялық заңнаманы реформалау - қазіргі ахуалы мен болашағы» тақырыбындағы пікірталас алаңында.

Осы ретте комитет төрағасының орынбасары табиғатты қорғау шараларына арналған экологиялық төлемдердің шығыны кемінде 70 пайыз болуы керектігін айтты.

«Бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдардың экологиялық төлемдерді табиғатты қорғау шараларына жұмсамауы немесе бұл мақсатқа болар-болмас пайызын жаратуына қатысты көптеген сын бар. Біз бұл мәселені заңда қарастырмақпыз. Яғни, бұл шараларға кететін шығындар экологиялық төлемдердің кемінде 70 пайызын құрауы тиіс», - деді Зұлфыһар Жолдасов.

Айта кетейік, «Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ ұйымдастырған шарада еліміздің жаңа Экологиялық кодексінің жобасы талқыланды.

Соңғы жаңалықтар