Экономика әртараптандырылуы тиіс
АСТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Жан Қожамқұлов/ - Бүгінде Қазақстанның экономиканы одан әрі әртараптандыруға және әлемдік шаруашылық жүйесіне үндестірілген ықпалдасуға бағыт алып отырғаны ешкімге де жасырын емес.
Бұл мақсатқа жету үшін өңдеу секторы мен біржақты шикізатты бағыттан бірте-бірте өтуге бағытталған дамудың 2003-2015 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық дамудың стратегиясы басты құрал болмақ.Қазірдің өзінде нәтиже жоқ емес. Бүгінгі таңда елімізде 6 арнайы ? «Ақтау теңіз айлағы», «Астана ? жаңа қала», «Ақпараттық технологиялар паркі», «Оңтүстік», «Ұлттық индустриялық мұнай-химиялық технопарк», «Бурабай» арнайы экономикалық аймақтары жұмыс жасайды. Бұлар ? ірі көлемдегі жобалар, миллиондаған инвестициялар мен жүздеген жұмыс орындары. Бұдан басқа, Астана мен Теміртауда индустриялық аймақтар құрылған.Бұдан өзге ? елімізде жалпы инвестициялық көлемі 2,5 триллион теңге (16,6 миллиард АҚШ доллары) болатын 33 мың жұмыс орнын ашатын 186 аймақтық жоба жүзеге асырыла бастады. Олардың ішінде 2009 жылға 11 292 жұмыс орнын ашуды қамтамасыз ететін 107 нысанды тапсыру көзделген. Салалық тұрғыда құрылыс материалдарын өндіру (57), металлургиялық өнеркәсіп (23) және инфрақұрылым (26) жөніндегі жобалар көш бастап келеді. Жұмыс орындарын көптеп ашуда құрылыс индустриясы (11031), тау-кен өндіру (6724) салаларының үлесі мол болып отыр. Осы жылдың тек бірінші тоқсанында ғана жалпы сомасы 2,3 млрд. теңгеге бағаланған 12 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 308 жұмыс орыны ашылды.Қазақстан Республикасының экономикасын жаңарту мәселелері жөніндегі Мемлекеттік комиссияның 2008 жылғы тамыздың 19-ында № 17-5/011-11-ші «Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшы» бағдарламасы ауқымында жалпы сомасы 54 миллиард АҚШ доллары көлемін құрайтын 45 серпінді жобаның «Базалық тізімі» жасақталды. Өткен жылы жалпы сомасы 1,5 миллиард долларды құрайтын 7 жоба пайдалануға берілді. Ал, 2009 жылы 2,5 миллиард долларға бағаланған 12 жобаны аяғына дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ал, таяуда «Нұр Отан» ХДП-ның кезектен тыс өткен ХІІ-ші съезінде Елбасы 2010 жылдан бастап Қазақстанда индустриялық-иновациялық дамудың бес жылдық жоспарының іске асырыла басталатыны туралы хабарлады. Нұрсұлтан Назарбаев кеңестік кезеңдегі индустриялау саясатының бізге қажет емес екендігін, бізге қажеті инновациялық индустрияландырудың, оның әлемдік экономиканың қазіргі таңдағы талабына сәйкес келетінін таңдап алуымыз қажет екендігіне баса назар аударды. Сонымен қатар, жоспарлау және экономиканы ынталандыруда мемлекеттік рөлі артатынын, ал ? бәсекеге қабілеттілігі, жеке меншіктің заңмен қорғалуы және іскер бастамашылықтың мадақталатыны секілді рыноктың базалық ұстанымдарының сақталып қалатыны жөнінде айтылды.