Экономика министрлiгi Қазақстандағы инвестор-мемлекеттердiң үздiк ондығын атады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi Қазақстан экономикасына белсендi түрде инвестиция құйып келе жатқан 10 мемлекеттi атады.
Бүгiн ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнде ҚР ЭБЖМ сыртқы сауда қызметтi дамыту департаментінің директоры қызметiн атқарушы Әлия Әлiмбетова хабарлағанындай, Қазақстан әлемде инвесторлар үшiн аса тартымды елдердiң қатарына енiп отыр. 2013 жылы Қазақстан экономикасына тартылған инвестициялардың жалпы көлемi 180 млрд. долларға жеттi.
"Iрi шетел инвестициялары Нидерландыдан, Германиядан, АҚШ-тан, Ұлыбританиядан, Франциядан, Жапониядан, Ресейден, Қытайдан, Канададан және өзге де елдерден келедi. Бұл - инвестициялар ең көп тартылатын елдердiң тiзiмi", - деп атап өттi ол. Оның сөзiне қарағанда, 2013 жылы Қазақстанның сауда айналымы 132 млрд. долларды құраған. Негiзгi сауда әрiптестерi, әдеттегiдей, жалпы тауар айналымының 41 пайызын алып отырған Еуроодақ елдерi. Ресей - 17,9, Қытай - 17 пайыз. Швейцария мен Украинаның да бұл тізімде елеулі орны бар.