Экономика министрлігі монополистер қызметін заңмен реттеуді ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрлігі монополистердің бірқатар қызметтерін заңды түрде регламенттеуді ұсынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Экономика министрлігі монополистер қызметін заңмен реттеуді ұсынды

«Тағы бір бағыт - табиғи монополия мен квазимемлекеттік сектордың субъектілерінің міндетті қызметтерін реформалау. Қазіргі уақытта заңды және жеке тұлғалар табиғи монополия субъектілерімен, атап айтқанда теміржол, электрмен қамту қызметі ұйымдарымен бірлесе жұмыс жүргізеді. Желіге қосылу, шарттарды алу - өз бизнесін дамытудың нақты қадамдары. Қазір мұндай қызметтерді көрсету заңнама тұрғысынан реттелмеген. Тәжірибе жүзінде мұндай жұмыстар ішкі бұйрықтар мен тәртіптер арқылы жүзеге асырылып жатады . Сондықтан, анықталған 75 қызметке регламент жасау ұсынылып отыр», - деді ҚР ҰЭМ басшысы Тимур Сүлейменов Парламент Мәжілісінде кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасын түсіндіре отырып.

Министр аталған қызметтерге бақылау жасауды ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінен жүктеуді ұсынды. Осылайша, субъектілердің қарым-қатынасы кезінде кәсіпкерлердің құқығы қорғалатын болады.