Экономика министрлігі республикалық бюджеттің кірістері бойынша 40,5 млрд. теңге толық түспейді деп болжап отыр - Б. Сұлтанов

АСТАНА. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі республикалық бюджеттің кірістері бойынша 40,5 млрд. теңге толық түспейді деп болжам жасап отыр.

Экономика министрлігі республикалық бюджеттің кірістері бойынша 40,5 млрд. теңге толық түспейді деп болжап отыр - Б. Сұлтанов

Бұл туралы бүгін Үкімет  отырысында аталмыш министрліктің басшысы Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, аталған соманың есебі ұлғаю және төмендеу факторларынан құрылған. Нәтижесінде қысқартуға ұсынылған қаржының көлемі 142,6 млрд. теңгені құраған, оның ішінде 56,9 млрд. теңге Үкіметтің резервінен, 11 млрд. теңге үкіметтік қарызға қызмет көрсету сомасы есебінен қысқаруы мүмкін.

«Жалпы алғанда республикалық бюджеттің нақтыланған параметрлері мынадай. Түсімдер - 2 трлн. 797 млрд. теңге, ол қолданыстағы бюджетке қарағанда 40,5 млрд. теңгеге азайды.  Шығыстар да 40,5 млрд. теңгеге азайып, 3 трлн. 371 млрд. теңгені құрайды. Тапшылықтың абсолютті мөлшері 573,6 млрд. теңге болып өзгеріссіз қалады. Оның ішкі жалпы өнімге қатысты мөлшері 3,5 пайызды құрайды, көрсеткіштің 0,1 пайызға өсуі ішкі жалпы өнімнің көлемінің азаюына байланысты», деді Б. Сұлтанов. 

Оның сөзіне қарағанда, макроэкономикалық көрсеткіштердің нақтылануы және басқа да ағымдағы жылда туындаған себептер бюджеттік көрсеткіштерді өзгертуге негіз болып отыр.