«Экономика үшін қаржылық тұрақтылық маңызды» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Желтоқсанның 26-сы. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда желтоқсанның 26-сы, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

Кеше Алматы мен Астана қалаларында және еліміздің барлық облыстарында бір мезгілде ҚР Президентінің атынан Жаңа жыл шыршасы мерекесі өтті. Осыған орай «Айқын» басылымының сенбілік нөмірінде жарық көрген «Сендер - азат, жасампаз елдің бақытты ұрпағысыңдар!» атты мақалада Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бейнебайланыс арқылы аталған шараға қатысушы балаларды және барша қазақстандық бүлдіршіндерді қыстың ең думанды мерекесімен құттықтағандығы жазылған. Басылымның жазуынша, Президент шыршасына қатысқан әр балаға сыйлыққа ноутбук, мектепке қажетті құралдар салынған арқа сөмкесі, сондай-ақ тәттілер салынған қалталар берілген. Әр балаға қала бюджетінен 85 мың теңгеден бөлінген.

Жаңа жылдық думанды кеш жайында «Астана ақшамы» газетінің сенбілік санында да көлемді мақала жарияланған. Онда «Мемлекет сендердің терең білім алып, алаңсыз өсулерің үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырып, жағдай жасауда. Асыл армандарыңды шындыққа айналдыру үшін дарынды балаларға арналған мектептер ашылып, еліміздің барлық өңірлерінде думанды орталықтар салынды», деген Елбасының сөзі келтірілген.

Республика бойынша өткен Президенттік шырша «Литер» басылымының назарынан да тыс қалмаған.

«Әлем қазақтың дәстүрлі музыкасына тәнті болатыны сонша, бізбен басқалар бәсекеге түсе алмайды». «Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарында жарық көрген Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Жәния Әубәкіровамен арадағы сұхбат осындай тақырыппен берілген.

Қарашаның 13-інде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев тікелей желі арқылы қазақстандықтардың сауалдарына жауап берген болатын. Ал жауабы берілмеген көптеген сұрақтар тиісті мекемелерге жіберіліп, олардың басшылары БАҚ арқылы жауап беруде. «Айқын» басылымының сенбілік санында тікелей желінің қаржы нарығы қызметіне қатысты сұрақтарына Ұлттық банк төрағасының орынбасары Данияр Ақышев жауап берген.  «Экономика үшін қаржылық тұрақтылық маңызды» деген тақырыппен берілген жауаптардың толық нұсқасын басылымның 7-ші бетінен оқи аласыздар.

***

«Астана ақшамы» газетінің сенбілік нөмірінде Елбасының қатысуымен елордада жаңа перзентхананың ашылу рәсімі өткендігі жазылған. Басылымның жазуынша, қалада 2004 жылы дүниеге келген баланың саны 4 мың болса, төрт жылдың ішінде бұл көрсеткіш, еселене өсіп,  2008 жылы 14 мыңға жеткен.

Сонымен қатар осы басылымда Мемлекет басшысының жаңадан ашылған «Азия парк» сауда ойын-сауық орталығын аралап, оның тыныс-тіршілігімен танысқандығы жазылған.

«Казахстанская правда» басылымының ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, кеше Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Грузияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Паата Каландадзені қабылдаған. Грузин дипломатын осы лауазымға тағайындалуымен құттықтаған Қ.Тоқаев Қазақстан мен Грузия қатынастары әріптестік, өзара тиімді ынтымақтастық қағидаларына орай дамып келе жатқанын және бұдан былай үнқатысуды ілгерілетуге мүдделі екенін атап өткен. Кездесу барысында тараптар халықаралық ұйымдардың, атап айтқанда бірнеше күннен кейін Қазақстанның төрағалық етуіне көшетін ЕҚЫҰ аясындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше көңіл аударған.

«Қазақстанның Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков жұмыс сапарымен Қытай Халық Республикасында болды», деп жазады «Экспресс-К» басылымы. Қазақстанның қорғаныс ведомствосының басшысы сапар барысында Қытай Халық Республикасының Ұлттық қорғаныс министрі генерал-полковник Лян Гуанлемен және Орталық әскери кеңес төрағасының орынбасары генерал-полковник Го Босюнмен кездескен.

Соңғы жаңалықтар