Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі: 2013 жылдың үш айында инфляция 1,9 пайызды құрады
Бұл туралы бүгін Үкіметтің 2013 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған Үкімет отырысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев айтты.
«Инфляция ағымдағы жылдың наурызында 0,2 пайызды құрады. Ал, 2012 жылдың наурызында 0,3 пайыз болған. Жыл басынан бері инфляция 1,9 пайызды құрап отыр. Бұл 2012 жылдың сәйкес деңгейімен 0,8 пайыздық тармаққа асып түседі. Негізінен бұл ақылы қызметтерге бағалар мен тарифтердің 4 пайызға өсуінің есебінен болды»,-деді министр.
Бұл ретте, Е. Досаевтың атап өтуінше, азық-түлік тауарлар бағасы өсуінің төмендеуі байқалған. Мәселен, өткен жылы баға 1,6 пайызға өссе, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 1,1 пайызға артқан. Ал, азық-түлік емес тауарлар 0,6 пайызға төмендеген.
«Сонымен қатар 2013 жылғы наурызда 2012 жылғы желтоқсанға қарағанда өңірлік бөліністегі орташа республикалық инфляцияның жоғары деңгейі Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл, Павлодар, Қостанай облыстарында және Алматы қаласында қалыптасты. Осылайша, наурызда өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда бағалар Алматы қаласында суық суға - 92,3 пайызға, кәріз жүйесіне - 2,3 есеге, электр энергиясына 5,9 пайызға өсті»,-деді ол.