Экономикада проинфляциялық факторлар сақталып отыр – Ұлттық банк

АСТАНА. KAZINFORM – Экономикада проинфляциялық факторлар сақталып отыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты. 

Ұлттық банк
Фото: nationalbank.kz

«Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 14,75 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Бұл шешімде нақты деректер мен жаңартылған болжамдар ескерілді. Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамдарын жаңартумен қатар инфляция тәуекелдерінің бағалауы да түзетілді. Жылдық инфляция баяулап келеді. Дегенмен, оның баяулау қарқыны да төмендеді. Бұл біздің болжамымызбен сәйкеседі. Инфляцияға қатысты халық күтулерінің үш ай қатарынан төмендеуі – біз үшін оң белгі. Алайда, инфляцияның орнықты бөлігіндегі көрсеткіштер әлі де жоғары. Бұл баға тұрақтылығын қамтамасыз ету шараларын жалғастыруды қажет етеді», - деді ол Ұлттық банкте өткен брифингіде.

Оның атап өтуінше, экономикада проинфляциялық факторлар сақталып отыр. Олардың ішінде тұтынушылық сұраныс, фискалдық ынталандыру және жоғары инфляциялық күтулер бар. Сыртқы ортада жаһандық инфляцияның баяулағаны сезіледі. Оған елдердің монетарлық саясаты және энергия көзі мен азық-түлік бағасының төмендеуі ықпал етуде. Кейбір аймақтардағы логистика мәселелері және Ресей мен Қытайдағы инфляцияның қарқын алуы алаңдаушылық туғызады. 

«Ішкі сұраныс көрсеткіштерінде, инфляциялық күтулерде байқалатын үрдістер, сондай-ақ бюджет саясаты параметрлеріндегі және сыртқы жағдайдағы белгісіздік ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтауды талап етеді. Біздің басты міндетіміз – орта мерзімде инфляцияны 5 пайызға дейін төмендету», - деді Тимур Сүлейменов.

Соңғы жаңалықтар