Экономикадан VI республикалық турнирдің қорытындысы шықты

АЛМАТЫ. 31 наурыз. ҚазАқпарат /Әйгерім Әмір/ - Алматыда 28-30 наурыз күндері өткен экономикадан VI республикалық турнирдің қорытындысы шықты.

Экономикадан VI республикалық турнирдің қорытындысы шықты

Оны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы «Джуниор Эчивмент Казақстан» қоғамдық қорымен бірлесе отырып ұйымдастырған.

Бірінші орынды қарағандылық 11-ші сынып оқушысы Евгений Сабко алды. Ол енді Қазақстан-Британ техникалық университетінің білім грантының иегері атанды. Екінші орынды тағы бір қарағандылық 11-ші сынып оқушысы Сергей Потапов алды. Ол Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің білім грантын жеңіп алды. Тағы бір екінші орынды талдықорғандық 11 сынып оқушысы Гульфия Гирифуллина алды. Ол Халықаралық бизнес университетінің білім грантының иегері атанды.

Үшінші орынды үш жеңімпаз бөлісті. Олар павлодарлық 11-ші сынып оқушысы Сайлау Қуаныш, оған Халықаралық бизнес академиясының білім гранты тиді. Астаналық 11-ші сынып оқушысы Назарова Малика, ол Алматы экономика және ститистика академиясының 50% білім грантының иегері атанды. Сонымен қатар, тағы бір талдықорғандық 11-ші сынып оқушысы Омарбек Алтынай, оған Қазақстан-Британ техникалық университетінің 50 % білім гранты тиді.

Республикалық жарыс шеңберінде қаржы іс-әрекеті бойынша «Банк іс-әрекеті» финалдық ойыны өтті. Мұнда бірінші, екінші орындарды Тараз қаласының оқушылары жеңіп алды. Ал үшінші орынды Астана қаласының оқушылары иеленді.

Жарыстың мақсаты - экономика негіздерін ғылыми тұрғыда меңгеруге қызығушылық танытатын қабілетті оқушыларды анықтап, оларға қолдау көрсету және дамыту; экономика саласында дарынды оқушыларды бейіндік дайындау; оқушылардың ғылыми-зерттеу қызметіне қызығушылығын арттыру және экономикалық білім берудің маңыздылығын түсіндіріп тарату.

Басында хабарлағанымыздай жарысқа ережеге сәйкес еліміздің барлық аймақтарынан 10-11-ші сынып оқушылар командалары қатысты.

Республикалық жарыс 3 кезеңде өтті. Олар: эссе жұмыс жазу; теориялық кезең - есептерді шығару; практикалық кезең - турнирге қатысушылармен on-lin түрде «Титан» ойыны өткізілді (менеджмент және экономиканы компьютерлік үлгілеу).

Аталмыш жарыс «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының ақпараттық қолдауымен өткізілді.