Экономикаға қажетті мамандықтардың өңірлік карталары жасалады - Әлихан Смайылов

«Жаңа кәсіпорындар салып, инвестициялық жобаларды іске асыру үшін экономикаға жоғары білікті мамандар қажет. Индустрияның дамуы бірінші кезекте, адами капиталдың сапасына, оның біліктілік деңгейіне байланысты. Біздің елімізде Ұлттық жобаларды, Халықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асыру аясында 2 млн-нан астам жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кадр даярлау жүйесін қайта бағдарлауға айрықша назар аударды», - деп атап өтті Үкімет басшысы.
Ол үшін Ә. Смайылов бәсекеге қабілетті білім беру жүйесін құрып, студент-жастардың шетелде емес, өз елімізде қалуына жағдай жасау керегін айтты.
«Экономикаға қажетті мамандықтардың өңірлік карталарын жасап, кәсіпорындардың колледждерді қамқорлыққа алу тәжірибесін дамыту жоспарланып отыр. Мектептерде оқушыларды ерте бастан кәсіпке бейімдеу жұмыстарын жүргізу қажет. Колледждер мен жоғары оқу орындары жастар мен жұмыс берушілер және инвесторлар үшін «тартылыс орталығына» айналып, дәстүрлі оқу бағдарламаларын ғана емес, қысқа мерзімді бағдарламаларды да ұсынулары керек», - деді Әлихан Смайылов.
Бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстанда 406 кәсіпорын 406 колледжді өз қамқорлығына алғанын айтқан еді.
Сонымен бірге, елімізде 2 жылда маман әзірлейтін «Қолданбалы бакалавриат» пилоттық жобасы басталады.