Экономикалық қылмыс: Алматыда 47 млрд теңге қайтарылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Экономикалық тергеу департаменті жұмысының биылғы нәтижелері айтылды. Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің басшысы Данияр Ақжановтың айтуынша, жыл басынан бері Алматыда 111 экономикалық қылмыс тіркелген, оның 79-ы сотқа жіберілді.

Экономикалық қылмыс: Алматыда 47 млрд теңге қайтарылды
Фото: Алматы қаласы ӨКҚ

– Ауыр қылмыстар бойынша 68 жағдай тіркелді. Тергеу нәтижесінде 47,7 млрд теңге қайтарылды. Ақшаны жылыстату және заңсыз әрекеттерді қаржыландыру үшін жиі қолданылатын цифрлық активтердің заңсыз айналымымен күресуге баса назар аударылады. 2023 жылғы 6 ақпанда күшіне енген «ҚР-дағы Цифрлық активтер туралы» жаңа Заңға сәйкес Қазақстан аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағын қоспағанда, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді шығаруға тыйым салынады, - деді Данияр Ақжанов.

Сонымен қатар спикер қазіргі уақытта криптовалюта көлеңкелі онлайн нарықтарда белсенді қолданылатынын атап өтті. 

Оның айтуынша, қазіргі уақытта департамент 58,5 млн АҚШ долларынан астам сомаға цифрлық активтерді айырбастау жөніндегі заңсыз қызметке байланысты алты қылмыстық істі тергеп жатыр. Алдын алу мақсатында «Кибернадзор» жүйесі арқылы осындай қызметпен айналысатын 134 интернет-ресурс бұғатталды. Сондай-ақ  криптовалютаны заңсыз пайдалану жағдайларын белсенді түрде зерттейтін цифрлық активтер саласындағы құқық бұзушылықтармен күресу үшін арнайы «Криптон» бөлімшесі құрылды. 

Еске салайық, бұған дейін құқығы бұзылған алматылық тұтынушылар биыл 300 млн теңге қайтарып алғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар