14:36, 24 Ақпан 2009 | GMT +5
Экономикалық дағдарыс қазақстандық көлік нарығына ауыр тие бастады
АЛМАТЫ. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек / - Әлемдік қаржы дағдарысы салдарынан 2008 жылы қазақстандық көлік нарығында сатылым айтарлықтай төмендеген.
Бұл туралы бүгін Алматыда ең ірі 7 ресми көлік сатушы-дилерлер бас қосқан «Қазақстандағы авторитейл: кеше, бүгін, ертең» атты дөңгелек үстел мәжілісінде белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Отырысқа қатысқандардың айтуынша, өткен жылы ресми дилерлер елімізге 155 221 жеңіл автокөлік алып келген, бұл 2007 жылмен салыстырғанда 60,3 пайызға аз. 2007 жылы елімізге жеткізілген көлік саны 237 147 құраған болатын. Бұның 23 573 данасы сатылған. Ал 2007 жылы сатылым көлемі 36 816 дананы құраған еді. Бұл сатылым көлемінің 29 пайызға азайғанын көрсетеді. «Көлік сатылымының азаюына көптеген жағдайда несиелеу бағдарламасының азайып, пайыздық ставканың жоғарылауы себеп болған. Дағдарысқа дейін несие ставкасы 9 пайыз болса, қазір 16 пайыздан жоғары. Өткен жылы «Астана моторс» ҚМК-ында несиеге сатылған көлік 1 604 дананы немесе сатылымның 19 пайызын құрады. Бұл 2007 жылмен салыстырғанда 38 пайызға аз. «Қазіргі кезде қазақстандық көлік нарығы пайда табу емес, тек күн көру қамымен ғана қалды», дейді «Астана групп» АҚ президенті Нұрлан Смағұлов. Оның айтуынша 2009 жылы ресми дилерлер 16 мың дана көлік сатуды жоспарлап отыр. «Бұл көрсеткіш 12 мың данаға дейін азаюы мүмкін», дейді ол. Ол бұндай жорамалдауға биылғы жылдың алғашқы айындағы көрсеткіш себеп болғандығын айтады. Қаңтарда ресми дилерлер 898 жеңіл көлік сатқан. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда 48 пайызға аз. Отырысқа қатысқан ресми дилерлердің айтуынша, Үкімет кедендік салықты көтерсе, бұл жағдай одан әрі ушығуы мүмкін.