Экономикалық даму және сауда министрлігі еліміздің экономикасын сырттан келетін қауіп-қатерлерден қорғауға дайын - Қ.Келімбетов

ТАНА. 26 қыркүйек. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Экономикалық даму және сауда министрлігі еліміздің экономикасын сырттан келетін қауіп-қатерлерден қорғауға дайын» дейді Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов.
None
None

Бұл туралы ол бүгін Парламент Мәжілісінде өткен «Бірыңғай экономикалық кеңістікке интеграциялану және әлемдік экономиканың турбуленттілігі жағдайында Қазақстан Республикасының ортамерзімдік экономикалық саясатының негізгі аспектілері» атты дөңгелек үстел отырысында мәлім етті.

Министрдің айтуынша, әлемдік экономиканың дағдарыстан кейінгі даму үдерісіндегі өзекті мәселелердің бірі - жаһандық инфляциялық үдерістер болып отыр. «Бүкіләлемдік банк мәліметтерінше, өткен жылдың төртінші тоқсаны мен биылғы жылдың тамыз айына дейін энергия ресурстарына деген әлемдік баға 31 пайызға өскен. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік тауарлары 20 пайызға артқан. Яғни азық-түлікке деген бағаның қазіргі деңгейі өте жоғары болып отыр. Бағаның осыншама шарықтауы 2007 жылы ғана байқалған»,-деді Қ.Келімбетов.

Оның сөзінше, әлемдегі азық-түлік бағаларының қымбаттауы ұсыныс пен сұраныс арасындағы тепе-теңдіктің сақталмауынан және тауар нарығына алыпсатарлықтан түскен қаржыға байланысты туындап отыр. «Қазақстанда жыл басынан бері инфляция қарқынының үдеп келе жатқандығы байқалады. Жыл басынан бері тұтынушыларға арналған тауарлар мен қызметтердің бағасы 5,9 пайызға артты. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 4,6 пайызды құраған. Сондай-ақ тұтынушыларға арналған тауар түрлерінің арасында ең көп қымбаттағаны азық-түлік болып отыр. Олардың бағасы 8,1 пайызға артқан. Сондай-ақ ақылы қызмет түрлері 5,4 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 3,6 пайызға қымбаттады. Осыған байланысты биылғы жылы инфляцияға импорт факторының әсер ету жағдайы байқалып отыр»,-деді министр.

Соңғы жаңалықтар