Экономикалық даму және сауда министрлігі мұнай бағасы 2012 жылы барреліне 80 доллар болады деген болжам жасап отыр
ТАНА. 13 қазан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -«Сарапшылардың мұнай бағасына деген консервативті бағалаулары негізінде 2012 жылы мұнай бағасы бір барреліне 80 АҚШ долларын құрайды деген болжам жасалынып отыр.
Ал 2013-2016 жылдарда 70 доллар деңгейінде болады. Тұтастай алғанда бұл әлемдік экономикадағы әлеуметтік тәуекелдермен сәйкес келеді», - дейді Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов. Бұл туралы ол бүгін Парламент Сенатында елдің 2012-2016 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамы мен Қазақстанның ұлттық қорынан 2012-2014 жылдарға арналған кепілдендірілген трансфертіне қатысты заң жобаларының таныстырылымында мәлім етті.
Вице-министрдің айтуынша, ішкі жалпы өнімнің өсімі мен қалалардағы нақты көлем индексінің болжамдары 2012-2016 жылдары индустрияландыру картасына және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы мен жаңа өндірістерді іске қосуды есепке алғанда, экономиканың 7 пайыздық өсімін қамтамасыз ететін индикативті көрсеткіштерге сәйкес болады. «Болжам бойынша 2012 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 28,9 триллион теңгеге, ал 2016 жылы 44,7 триллион теңгеге дейін өседі. Сондай-ақ 2016 жылы сыртқы сауда айналымы 165,8 миллиард долларға дейін өсуі мүмкін. 2012-2016 жылдарға арналған экономикалық саясаттың негізгі мақсаты - 7 пайыздан кем емес деңгейде экономикалық өсімді қамтамасыз ету», - деді М.Құсайынов.