Экономикалық даму және сауда министрлігі стратегиялық, ортамерзімді даму жұмысын үйлестіретін орган болуы шарт - Елбасы
«Мемлекеттік және қоғамдық институттардың тиімділігін арттыру қажет. Біздің өз басымыздан өткен тәжірибемізге үңілсек, мықты мемлекет, тиімді мемлекеттік саясат, білікті кадрлар - міне, біздің стратегиялық жоспарлардың үш базалық шарты осылар екендігін көреміз. Бұл ретте, біріншіден, мен мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар жарлықтарға қол қойдым. Экономикалық даму және сауда министрлігіне бәсекелестікті қорғау саясаты, монополиялық қызметті шектеу, тарифтік, салықтық, кедендік саясаттар беріледі. Өңірлік даму мен кәсіпкерлікті қолдауды үйлестіру функциялары күшейтіледі. Біз бұл министрлікті негізінен ұзақмерзімді, ортамерзімді стратегияларды әзірлеу үшін құрған едік. Министрліктер арасындағы жұмысты үйлестіріп, өңірлерді дамытуға көмек болсын дедік. Бірақ, олай болмай, соңғы кезде тек сауда министріне айналып кетті. Сондықтан да, аталған министрлік стратегиялық, ортамерзімді даму мен барлық ведомство жұмысын үйлестіретін орталық орган болуы тиіс», - деді Президент.
Сонымен қатар, Елбасы Ұлттық банкке қаржылық қадағалау, қаржы нарығын реттеу, Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығын дамыту функциялары жүктелетінін еске салды. «Бұл шаралар стратегиялық-экономикалық жоспарлаудың өзара байланысын күшейтеді және мемлекеттің экономикалық саясатын реттейді», - деді Н. Назарбаев.