«Экономикалық интеграция отандық өнеркәсіпке қаншалықты ықпал етеді?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 18 мамыр, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Экономикалық интеграция отандық өнеркәсіпке қаншалықты ықпал етеді?» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Экономикалық даму және сауда министрлігі 2020 жылға дейінгі еліміздің стратегиялық даму жоспарының негізгі бағыттарымен тығыз байланысты Мемлекет басшысы тапсырмаларын іске асырудың көрнекі ақпараттық картасын дайындады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында. Соған орай, кеше, сейсенбі күні ҚР Премьер-министрі К. Мәсімовтің төрағалығымен өткен селекторлық жиында Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов «Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі көрнекі ақпараттық карта туралы» баяндама жасады. «Аталмыш карта дағдарыстан кейінгі даму, экономиканы әртараптандыруды жеделдету, азық-түлік қауіпсіздігі және болашақта келетін инвестиция сынды аспектілерді қамтиды.сондай-ақ мұнда азаматтар үшін көрсетілетін қызметтер, мемлекеттік басқару жүйесін дамыту, ұлтаралық келісім мен қауіпсіздікті және халықаралық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз ету де назардан тыс қалмаған»,-делінген мақалада. Мақала «Ақпараттық карта әзірленуде» деген тақырыпппен беріліп отыр.

***

«Алаш айнасы» басылымы 18 мамыр күні шыққан санында «Із-түссіз жоғалған Жолдас Темірәлиев пен Айдар Хасеновтің мәйіттері табылды» деген мақала жариялады. Онда осыдан төрт жылдан астам уақыт бұрын жоғалған «Нұрбанктің» бұрынғы топ-менеджерлерінің мүрделері табылғандығы туралы Бас прокуратураның мәлімдемесі жарияланған. Газеттің жазуынша, банкирлердің өлі денелері Алматы қаласының тау бөктеріндегі «Қазтелерадио» кешеніне қарасты қоймалар базасы аумағынан анықталған.

***

«Айқын»
газетінің бүгінгі санында «Экономикалық интеграция отандық өнеркәсіпке қаншалықты ықпал етеді?» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Онда еліміздің көшбасшы партиясы Елбасының ірі халықаралық экономикалық жобасы - Кеден одағының жұмысы жайында өкілетті жиын өткізгендігі және осы мәселе жан-жақты талқыға түскендігі жайында айтылады. Мақалада атап көрсетілгеніндей, осы орайда «Нұр Отанның» Парламенттегі фракциясы Үкіметтегі осы іске жауапты басты тұлға - Экономикалық интеграция істері жөніндегі министр Жанар Айтжанованы шақырған. «Экономикалық интеграция істері жөніндегі министр Жанар Айтжанованың айтуынша, Кеден одағының құрылуы, ең алдымен, Қазақстан жүргізіп отырған сыртқы сауда саясатына, сонымен бірге ішкі шекарадағы кедендік әкімшілендіруге әсер еткен. 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап, қазақтар, ресейліктер мен беларустер бірдей сыртқы сауда саясатын қолдануға кіріскен. Осы мақсатта 8 халықаралық келісім бекітілген, бір түркі және қос славян еліне ортақ Бірыңғай кедендік тариф және бірдей тарифтік емес шаралар қолданылатын тауарлардың Бірыңғай тізбесі қабылданған»,-делінген мақалада.

***


Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен өткен Президент жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның мәжілісінде Қазақстанның мемлекеттік органдарындағы жемқорлық деңгейінің рейтінгілері туралы сөз өрбіді. Бұл туралы бүгін «Казахстанская правда» газеті «Борьба бескомпромиссная и наступательная» атты мақаласында мәлім етті. Басылымының жазуынша, отырыста жемқорлыққа қарсы күрестің 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы егжей-тегжейлі талқылаудан өтті. Мәжілісті ашқан Мемлекеттік хатшы Қ. Саудабаев Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы жылы еліміздегі адам құқы мен бостандығын қорғау әрі сыбайлас жемқорлықты құрықтау бағытында айырықша жауапкершілік жүктейтін жыл болатынын атап өтті.