18:52, 12 Ақпан 2009 | GMT +5
Экономикалық қиындықтар еліміздің тұрақтылығына теріс әсер етуіне біз жол бермеуіміз қажет ? Мемлекет басшысы
АСТАНА. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Астанада өткен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесі Бюросының кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі экономикалық қиындықтар еліміздің тұрақтылығына теріс әсер етуіне жол бермеу қажеттігін атап көрсетті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Әлемдік экономикалық дағдарыс кезеңінде әлеуметтік ширығулар мен түрлі қайшылықтардың тәуекелі өсе түседі. Экономикалық қиындықтардың еліміздің тұрақтылығына теріс әсер етуіне біз жол бермеуіміз қажет», деді өз сөзінде Мемлекет басшысы. Елбасының айтуынша, ұлттың бірлігі, мақсат пен іс-қимылдың тұтастығы дағдарысты құбылыстарды табысты еңсеруді, Қазақстанның дағдарыстан кейінгі кезеңде дамудың жаңа сатысына шығуының кепілі. «Қиын кезеңдерде біздің халық әрқашан жұмылған жұдырық бола білді және соның арқасында жеңіске жетті», деді Президент. Мемлекет басшысы қазір Қазақстанның кез келген азаматының және саяси күштерінің еліміздің тәуелсіздігіне, мемлекеттілігімізге деген адалдығы сыналып жатқан уақыт екенін атап көрсетті. Президент «Нұр Отан» партиясы адамдардың басындағы қазіргі қиыншылықтарды пайдаланып жымысқы ойларын жүзеге асырғысы келетіндерге жойқын соққы беруі тиістігін қадап айтты.