Экономикалық консультанттар кеңесінің кезекті отырысы өтті
АСТАНА. 13 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ҚР Үкіметі жанындағы Экономикалық консультанттар кеңесінің кезекті отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.
ҚР Үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлағандай, Кеңес отырысында экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшановтың «Қазақстанның жаһандану шарттарындағы агроөнеркәсіптік саясаты» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалып, талқыланды. Баяндамада еліміздің агронөнеркәсіптік кешеніндегі қазіргі жағдайына баға беріліп, сонымен қатар Қазақстанның ауыл шаруашылығының өндірісі мен бәсекеге қабілетілігін жоғарылатуға қажеті шаралар ұсынылған.
Баяндаманы талқылауға ҚР ауыл шаруашылық министрі Ақылбек Күрішбаев, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің бірінші вице-министрі Альберт Рау, экономика ғылымдарының докторы, профессор Арыстан Есентүгелов, ҚР Білім және ғылым министрлігі Экономика институтының директоры Оразалы Сәбден және т.б қатысты.
Сонымен қатар Кеңес мүшелері Экономикалық және қаржылық күйзелістерді ерте анықтау орталығының директоры Сара Алпысбаеваның индустрияландырудың басым бағыттарын есепке алғандағы Қазақстан Республикасының Кеден Одағы елдерімен сауда балансы ұстанымын күшейту болашағы және оның қазіргі жағдайына баға берілген баяндамасын тыңдап, талқыға түсірді.
Пікірталасқа ҚР Экономикалық даму және сауда вице-министрі Қуандық Бишембаев, «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Серік Аханов, ҚР салық төлеушілер одағының төрағасы Жаннат Ертілесова, «Атамекен Одағы» Ұлттық экономикалық палата төрағасының бірінші орынбасары Екатерина Никитинская, «Үкімет пен ҚР Ұлттық Банкі жанындағы ұлттық сараптама орталығы» АҚ басқарма төрағасы Аяна Манасова, Қазақстан-Британ техникалық университетінің экономика кафедрасы меңгерушісі Нұрлан Нұрсейіт пен «STAN Holding» компаниясының вице-президенті, физика-математика ғылымдарының докторы Қанат Оспанов қатысты.
Экономикалық консультанттар кеңесі өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша алдыңғы қатарлы қазақстандық сарапшылардың қатысуымен консультациялар өткізу мақсатында 2008 жылдың қарашасында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің бастамасы бойынша құрылған болатын. Кеңес құрамына беделді қазақстандық ғалымдар, экономистер мен ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдері кіреді.