«Экономикалық немесе саяси жаңғыру рухани жаңғырусыз мүмкін емес» - республикалық басылымдарға шолу

***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Беларусь Республикасында болды. Келіссөздер нәтижелері бойынша Мемлекет басшыларының Бірлескен мәлімдемесі мен үш үкіметаралық құжатқа қол қойылды. Қол қою рәсімдері аяқталған соң мемлекеттер басшылары журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сөзінде Белоруссияның Қазақстан үшін саяси және экономикалық сенімді әріптес екенін атап өтті. «Біздің елдеріміз әрқашан да әріптестікті тереңдете түсудің барлық амалдарын жасауда. Биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында біздің елдеріміздің арасындағы тауар айналымы былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 80 пайызға артты. Бұл - тұрақты өсімді көрсететін факт. Экономикалық кооперациялануға Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Екіжақты қатынастардағы барлық мәселелерді де біз достық пен толық түсіністік рухында шешеміз», деді Елбасы. Мақала «Тату елдің тағамы да тәтті» деген тақырыппен басылды.
«Өткен жұмада Грекия президенті Карлос Папульяс премьер-министр Лукас Пападимоспен елдің бөлшектеніп кеткен партияларын біріктіруге күш салу жөнінде талқылау жасады. Осыған орай президент Карлос Папульяс партиялар жетекшілерімен келіссөз жүргізіп, ұлтты сақтап қалудың төтенше үкіметін құруға күш салатын болады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, ПАСОК социалистік қозғалысының жетекшісі Евангелос Венизелос елді басқарудан үміт күтетін коалицияны құруға үшінші рет талаптанып, бірақ одан ештеңе шықпағаннан кейін президенттің партиялар көшбасшыларымен кездесуі коалициялық үкіметті құрудың соңғы мүмкіндігі болып табылатындығын елдегі көптеген саясаткерлер атап көрсетіп отыр. Мақала «Грекия: коалициялық үкімет құрудың соңғы мүмкіндігі» деген тақырыппен берілген.
***
«Ресми дерекке сәйкес, Қазақстанның жалпы сыртқы борышы 123,8 млрд. долларды құрап отыр. Бұл аз ба, көп пе? Қарыздың құрылымын жік-жікке бөліп баяндаған Қаржы министрі «сыртқы қарыздан еш қорықпау керек» дейді», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі санындағы «Министр қарыз құрылымын жіктеп берді» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның алға тартқан деректеріне қарағанда, елдің жалпы қарызы бұл күнде жалпы ішкі өнімнің 66,6 пайызын құрап отыр екен. Ал әлемдік қарыздар арасында Қазақстанның борыш көлемі 36-шы орынға тұрақтайды. Осыдан болар халық қалаулысы Н.Сабильянов 2020 жылға дейін Қазақстанды қарызсыз мемлекетке айналдыру туралы арнайы бағдарлама қабылдау мәселесін көтерген.
Бүгін - бокстан Қытайдың Циньхуангдао қаласында өтіп жатқан әйелдер арасындағы әлем біріншілігінің төртінші күні. Қазақстан әйелдер құрамасының аға бапкері Вадим Присяжнюк дүниежүзілік додаға барлық он салмақта да боксшы апарған. Бірақ, өкінішке қарай, жүлде жолында алты-ақ боксшымыз қалды. Дүбірлі дода, онда ел намысын қорғап жатқан спортшыларымыз жайында «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Он арудың алтауы айқасады» деген тақырыппен берілген мақалада егжей-тегжейлі баяндалған. Айта кетерлігі бұл біріншілік жарысқа қатысып жатқан спортшылар санын бойынша бұған дейінгі чемпионаттарды әлдеқайда артқа қалдырған. Нақты айтқанда, АИБА-ның ресми сайтындағы деректер бойынша байрақты бәсекеге әлемнің 77 елінен 343 боксшы бас жүлдеге таласуда.
***
«Айқын» газетінің сейсенбілік санында саясаткер Ерлан Қаринмен арадағы сұхбат «Экономикалық немесе саяси жаңғыру рухани жаңғырусыз мүмкін емес» деген тақырыппен берілген. Әңгімеге Абай мен Твиттер, Путин мен ұлт патриоттары, «Жетеудің хаты» мен «Жаужүрек мың бала» фильмі арқау болған. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген саясаткер: «Қазақ қоғамына белгілі бір саясаткерлердің ұрандарынан гөрі Абайдың және басқа рухани көсемдердің айтып жүрген мәселелері жақынырақ әрі түсінікті. Қазақ қоғамы алдында демократиялық құндылықтарды орнату міндетімен қатар ұлттық сипатымызды сақтап, оны күшейту, ұлттық құндылықтарды жүзеге асыру мен оларды қорғау сияқты мақсаттар тұр», - дейді.