Экономикалық зерттеулер институтының ашық есік күні болып өтті
АСТАНА. Желтоқсанның 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін, желтоқсанның 10-ында ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-ның ашық есік күні болып өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ макроэкономикалық болжамдау, инвестициялық саясат, бәсекеге қабілеттілік жөніндегі зерттеулер саласындағы қолданбалы зерттеулермен айналысатын еліміздің жетекші ғылыми ұйымдарының бірі. Институт сондай-ақ еліміздегі мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіруге бағытталған бағдарламалық құжаттар мен әдістемелік ұсыныстарды әзірлеуде белсенді араласушы болып отыр.
Ашық есік күнінде аталмыш институттың ғылыми орталықтарының зерттеу қызметінің нәтижелерімен, ғылыми басылымдармен, экономикалық дамуды жоспарлау құралдарымен, институттың сыртқы экономикалық қызметімен және басқа да жұмыстармен таныстыру шаралары жүзеге асты. Сондай-ақ шара барысында ІІ Астаналық экономикалық форумға арналған және «Еуразиялық экономикалық ғалымдар клубы» қауымдастығының қызметі туралы «Жаңа әлем табалдырығында» атты деректі фильмдер көрсетіліп, институт тарапынан әзірленген бірқатар жобалардың таныстырылымы өтті.
Сонымен бірге жиында Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссиялар мен шетел елшіліктерінен шақырылған өкілдердің әлемдік экономикалық кеңістікке бірігу мақсатында Институт қызметімен танысып, қажетті ақпараттар алуына жағдайлар қарастырылды.
Іс-шараға мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, жетекші ғылыми мекемелер өкілдерінің, сонымен бірге қауымдастық, қоғамдық бірлестіктер және коммерциялық құрылымдардың мүшелері қатысты. Ашық есік күндерін өткізу мемлекеттік органдар, қазақстандық және халықаралық институттар арасындағы өзара тәжірибелік іс-әрекетке, сондай-ақ еліміздің экономикалық дамуының басымдықтары мәселесі бойынша пікір алмасуға септігін тигізетін болады.