Экономикамыз жаңа жағдайға бейімделіп, тұрақты өсіп келеді – Олжас Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет басшысы Олжас Бектенов Қазақстанда инвестициялық саясаттың жаңартылған тұжырымдамасы қабылданатынын айтты.
«Біз бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен мүмкіндіктер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бүгінде Қазақстан экономикасы жаңа жағдайларға сәтті бейімделіп, тұрақты өсуін жалғастыруда. Биыл 9 айда жалпы ішкі өнім 4%-ға өсті, бұл негізінен шикізаттық емес сектордың дамуы есебінен қамтамасыз етілді. Елдің фискалдық орнықтылығы мен макроэкономикалық тұрақтылығын Fitch, S&P және Moody's халықаралық рейтингтік агенттіктері растады», - деді Олжас Бектенов елордада өтіп жатқан «Жаһандық инвестициялық үрдістер: болашақты пайымдау» атты форум барысында.
Сондай-ақ, Премьер-министр жуырда инвестициялық саясаттың жаңартылған тұжырымдамасы қабылданатынын айтты.
«Тұжырымдама жаңа инвестициялық циклды іске қосуға және Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында белгіленген стратегиялық міндеттерді орындауға бағытталған. Сонымен қатар еліміздің Салық кодексін жаңарту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде, мақсат – салық жүйесі мен әкімшілендіруді жаңғырту. Бұл ретте, Үкімет инвестициялық саясатты іске асыру үшін жүйелі шаралар қабылдауды жалғастырады», - дейді ол.
Бұған дейін Үкімет жыл соңына дейін энергетика және коммуналдық шаруашылық ұлттық жобасын бекітетіні туралы хабарлаған едік.
Айта кетейік, бүгін елордада қазақстандық жаһандық инвестициялар тақырыбында форум өтіп жатыр.