Экономикамызды дамытуға арналған бірқатар маңызды заңдар қаралады – Сенат төрағасы
АСТАНА. KAZINFORM – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіне берген сұхбатына қатысты пікір айтты.
- Таяуда «Ана тілі» газетінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың көлемді сұхбаты жарияланды. Өздеріңіз өңірлерде азаматтармен кездесулер өткізіп, сұхбаттың негізгі ойларын халыққа жеткізуге үлес қостыңыздар. Мемлекет басшысы сұхбатта 2024 жылы әр сала бойынша атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы басым бағыттарды белгілеп берді. Сондай-ақ, былтыр Парламент қабылдаған заңдардың маңыздылығы да ерекше аталып өтті.
Жалпы, Президентіміздің барлық бастамалары мен реформаларының стратегиялық мақсаты – егемендігімізді және экономикамызды одан әрі нығайту. Осыған байланысты еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды сауалдарға жауап беріліп, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары айқындалды, - деді М. Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында.
Сенат төрағасы аталған сұхбатта сыртқы саясат пен халықаралық ынтымақтастық мәселелері де назардан тыс қалмағанын атап өтті.
- Сонымен қатар, Президентіміз қоғамда қызу талқыланған өзекті мәселелердің түйінін тарқатып, олар бойынша өз ұстанымын білдірді. Мұндай ашықтық пен диалог және азаматтардың талап-тілектеріне жедел назар аудару – «Заң мен тәртіп» қағидаттарына табан тіреген Әділетті Қазақстанның жарқын көрінісі екені сөзсіз. Осы ретте, Президентіміздің бастамасымен қолға алынған реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аса маңызды екенін тағы бір атап өткен жөн.
Алдағы уақытта экономикамызды дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған бірқатар маңызды заңдар қаралады. Оларды сапалы пысықтап, уақтылы қабылдауымыз қажет. Жалпы, Мемлекет басшысының Парламентке артқан жоғары сенімін ақтап, елдік мүдде жолында аянбай еңбек етуміз керек. Осы жолда бәріміз бірлесіп, нәтижелі жұмыс істейміз деп сенемін және алдағы қызметтеріңізге сәттілік пен табыс тілеймін!», - деді Мәулен Әшімбаев сенаторларға қарата айтқан сөзінде.
Еске салсақ, 2025 жылдың 3 қаңтар күні «Ана тілі» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кең көлемді сұхбаты жарық көреді.