Экономиканы дамытуға 3,7 трлн теңге: бюджеттің басым бөлігі қайда жұмсалады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан 2027 жылы экономиканың нақты секторын дамытуға 3,7 трлн теңге бағыттауды жоспарлап отыр. Қаражат көлік инфрақұрылымын, ауыл шаруашылығын, өнеркәсіп пен құрылысты, кәсіпкерлікті және цифрлық дамуды қолдауға жұмсалады. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы айтып берді.
Вице-министрдің айтуынша, ірі жобалардың аяқталуы мен қаржыландырудың баламалы тетіктеріне көшу есебінен 2028-2029 жылдары шығыстар төмендейді.
— Шығыстардың негізгі көлемі көлік инфрақұрылымына, ауыл шаруашылығына, өнеркәсіпке, кәсіпкерлікке және цифрлық дамуға бағытталады. Көлік саласында автомобиль өткізу пункттері мен шекара бөлімшелерінің құрылысы жалғасуда. Бұл мақсаттарға 447 млрд теңге, ал республикалық автомобиль жолдарына — 105 млрд теңге көзделіп отыр, — деді Абзал Бейсенбекұлы Құрылтайда өткен бюджет таныстырылымында.
Ауыл шаруашылығында агроөнеркәсіптік кешен жобаларын қолдауға 372 млрд теңге, агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыру үшін даму институттарын капиталдандыруға — 200 млрд теңге жоспарланған.
Өнеркәсіп пен құрылысты қолдауға 411 млрд теңге көзделген. Қаражат өңдеу өнеркәсібін, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және басқа да жобаларды дамытуға бағытталады.
Цифрлық инфрақұрылымды дамыту жалғасады. Оның ішінде, жоғары жылдамдықты интернетті қамтамасыз етуге және ғарыш саласындағы жаңа жобаларға баса мән беріледі.
— Біз еңбек өнімділігін арттыру үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланамыз. Мысалы, Халықаралық қайта құру және даму банкінің қарыздары есебінен адами капиталды, кәсіпкерлікті және нарықты дамыту жөніндегі жоба көзделген. Жоба ақпараттық технологиялар қызметтерінің өнімділігі мен экспортын өсірудің негізгі технологиясы ретінде жасанды интеллектке бағдарланған. Бұл бізге жыл сайын 6,5 мың маман даярлауға мүмкіндік береді. Қазір келісім ратификацияланып жатыр, — деді А. Бейсенбекұлы.
Осылайша 2027 жылы нақты сектордың шығыстары жалпы алғанда 2026 жылға қарағанда 0,6 трлн теңгеге ұлғаяды.
Айта кетейік, Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы Құрылтайда «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасын таныстырды.
Елімізде келесі жылы әлеуметтік көмекке 6,9 трлн теңге бөлінеді.
Сондай-ақ, өңірлерді қолдауға жыл сайын бюджеттің төрттен бір бөлігі немесе 7,4 трлн теңге (24,8%) жіберіледі.