Экономиканың «қызып кету» белгісі байқалды - Тимур Сүлейменов

АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылы ішкі сұраныс экономиканың өндірістік мүмкіндіктерінен асып түсті. Бұл жайлы Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов айтты.

Экономиканың «қызып кету» белгісі байқалды - Тимур Сүлейменов
Фото: Ұлттық банк

– 2024 жылғы қысқамерзімді экономикалық индикатордың өсімі тез баяулап, 6,2%-ке жетті. Ішкі сұраныс экономиканың өсуіне себеп болған негізгі қозғаушы күш болып қалды. Алайда оның қарқыны экономиканың өндірістік мүмкіндіктерінен асып түсті. Бұл баға қысымын арттыратындай қауіп тудырып, экономиканың тым «қызып кету» белгілерін көрсетеді, - деді ол.

Сондай-ақ ҰБ басшысы белсенді фискалдық саясат пен тұтынушылық кредиттеу аясының кеңеюі тұтынушы тарапты ынталандырып отырғанын атап өтті.

– Шикізатқа жатпайтын сектордағы инвестициялық белсенділік ішкі сұранысты қолдауға да үлес қосып, іскерлік белсенділікті күшейтті. Ұлттық Банк қадағалайтын іскерлік белсенділік индексі 11 ай бойы оң аймақта сақталып келді. Бұл кәсіпорындар тарапынан іскерлік ортаның тұрақтылығына сенім артқанын білдіреді. 2024 жылғы желтоқсанда индекс 50,7-ні құрап, іскерлік белсенділік артқанын көрсетті. Ең айқын өсім құрылыс саласында байқалады, оған жаңа тапсырыстар мен жұмыспен қамту деңгейінің артуы ықпал етті, - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты мәлімдеме жасады.

Тимур Сүлейменов не себепті базалық мөлшерлемені 15,25% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылданғанын түсіндірді.

Соңғы жаңалықтар