Экономиканың өсуі мұнай емес сектордың дамуы есебінен қамтамасыз етілуде - Байбазаров

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл қаңтар-қарашада экономиканың өсуі 4,4 пайызды құрады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.

Нурлан Байбазаров
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

- Биылғы қаңтар-қарашаның қорытындысы бойынша экономиканың өсуі қаңтар-қазанмен салыстырғанда 0,3 пайыздық тармаққа жеделдеп, 4,4 пайызды құрады. Нақты сектордағы өсу 5 пайыз болды. Көрсетілетін қызметтер саласындағы өндіріс 4,5 пайызға артты. Осы жылы экономиканың өсуі толығымен мұнай емес сектордың дамуы есебінен қамтамасыз етілуде. Мұнай емес сектордың өсуі шамамен 5,1 пайызды құрады. Өсу серпінінің жақсаруы ауыл шаруашылығында, өңдеу өнеркәсібінде, құрылыста, саудада және көлікте байқалады, - деді вице-премьер.

Оның атап өтуінше, салалар арасында ең жоғары өсуді ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласы көрсетіп отыр. Сауда - 8,2, көлік қызметтері - 8,1, өңдеу өнеркәсібі 5,3 пайызға өсті. Жалпы ішкі өнімнің өсуінің 70 пайыздан астамы сауда, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және құрылыс қамтамасыз етілген. 

- Негізгі капиталға салынған инвестициялар 3,1 пайызға өсті. Инвестицияның ең жоғары өсуі шикізаттық емес салаларда байқалады. Инвестиция көлемі білім беруде - 2,2 есеге, ғылыми және техникалық қызметте – 42,1, көлікте қызметтерінде – 27,2, өңдеу өнеркәсібінде – 18 пайызға өсті. Үздік көрсеткіштер Қарағанды, Жетісу, Павлодар, Түркістан, Алматы облыстарында тіркелді. Бұл ретте Атырау, Ақмола, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында инвестициялардың айтарлықтай төмендеуі байқалады, - деді Нұрлан Байбазаров.

Соңғы жаңалықтар