«Экономиканы ілгерілетудің бір тетігі - бизнес саласын қаржыландыру» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 12 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі 12 тамыз, жұма күні республикалық басылымдарда шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Бас хатшысы Николай Бордюжаны қабылдады. Н. Бордюжа Президентті ағымдағы жылдың 12 тамызында Астанада өтетін ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне даярлық барысы туралы хабардар етті. «Нұрсұлтан Назарбаев интеграциялық процестердің негізін құрайтын көптеген қадамдардың жиі бастамашысы болып табылады. Мысалы, ЕурАзЭҚ құру - Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасы. Ол - ҰҚШҰ құруды ұсынған бастамашылардың бірі. Бұдан екі жыл бұрын Қазақстанда, Бурабайда Ұйымның жедел әрекет ету Ұжымдық күштерін құру туралы тарихи шешім қабылданған болатын. Бұл шешімнің бастамашысының бірі де Қазақстан Президенті болды. Бұл біз үшін өте жақсы, өйткені Қазақстанда өтетін мұндай кездесулер әрдайым нақты және қызықты шешімдер қабылдаумен аяқталады», - деп атап өтті ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы кездесуден кейін журналистерге арналған брифинг барысында.
Кеше Орталық сайлау комиссиясы үстіміздегі жылдың 19 тамызында өтеді деп белгіленген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауына халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы мәселені қарады. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Халықаралық байқаушылар тіркелді» деген тақырыппен берілді. Басылымның атап өтуінше, еліміздің сыртқы саясат ведомствосының ұсынысымен Парламент Сенаты депутаттарын сайлау барысын бақылау үшін Орталық сайлау комиссиясы жанынан халықаралық ұйымдардан 68 байқаушы тіркелген. Сонымен қатар, Сенат сайлауына байқаушы ретінде қатысу үшін Сыртқы істер министрлігінде тұрақты негізде 181 шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тіркелгендігі белгілі болды.
***
Қазақстандық кәсіпкерлер алдында қандай міндеттер тұр? Әлемдік бәсекелестік жағдайында бизнес қалай жұмыс істеуі керек? Осы секілді сан түрлі сауалдарға «Айқын» газетінің жұма күнгі санында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Ләззәт Еркінқызы Ибрагимова жауап берген. «ШОБ дегеніміз - бұл ресурстардың, арзан несиелердің күресі еместігін түсіну қажет. Тағы да қайталап айтамын, бұл - бәрінен бұрын құзыреттілік күресі. Ең күшті басқару технологиялары бар, жетілген кәсіби дағдыға ие кәсіпкерлер Кедендік одақ жағдайында да, Бірыңғай еуропалық экономикалық кеңістік жағдайында да барынша бәсекеге қабілетті бола алады. Сондықтан барлық оқу бағдарламалары, шетелдердегі тағылымдама, шетелдік кәсіпорындармен танысу, технологияларды алып келу мүмкіндіктерін үйренуге үлкен маңыз беріледі. Және олар мемлекет қазынасынан қаржыландырылатын болады»,- дейді ол. Сұхбат «Экономиканы ілгерілетудің бір тетігі - бизнес саласын қаржыландыру» деген тақырыппен берілген.
«Астанада өтіп жатқан Қазақстан Президенті кубогы жолындағы жарыстың екінші күнінде «Барыс» Хабаровскінің «Амур» командасынан 3:4 есебімен ұтылып қалды. Дегенмен «Қазақстан» спорт сарайына жиналған жанкүйер қауым елордалық хоккейшілердің керек кезінде жеңіске жете аларына сенімді болып қайтты десек жаңылмаймыз. Өйткені «Барыс» ойыншылары кездесудің соңына таман есеп айырмасын мейлінше қысқартып, жергілікті көрерменнің көңіліне сенім ұялатты»,- деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөміріндегі «Президент жүлдесіне талас қыза түсті» деген мақалада. Сонымен қатар осы басылымнан спортқа қатысты басқа да қызықты мақалаларды оқи аласыздар.
***
Шығыс Қазақстанның мақтанышына айналған марал шаруашылығын тығырықтан алып шығудың жолы енді табылғандай. Өскеменнен 100 шақырым жердегі Привольное ауылында орналасқан көпсалалы «Багратион-2» шаруа қожалығы қытайлық ғалымдар қатты қызығушылық танытып отырған марал мүйізінен құрғақ күйдегі «пантомарал» биологиялық белсенді қоспасын өндірумен білек сыбана айналысуда. Бұған қоса, келешекте пантыдан таблетка мен капсула түріндегі ғажап препараттар шығармақ. Бұл туралы «Алаш айнасы» газетіндегі «Шығыстың болашағы - марал мүйізінде» деген мақалада кеңінен баяндалған.
Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевпен арадағы сұхбат «Ақ жол» - қазақтың ХХІ ғасырдағы «Алаш» партиясы» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Өнеркәсіп пен өндірістің үздіксіз өсімі халықтың әл-ауқатының жақсаруына септігін тигізеді. Әл-ауқаты жақсарған елдің денсаулығы да, білімі мен өнері, мәдениеті де қарыштап дамиды. Мұндай жағдайда ұлттың ішкі рухы өздігінен-ақ көтеріледі, халықтың ішкі әлеуеті кеңінен ашылады», - дейді.
***
«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмиді қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті бүгінгі нөмірінде. Басылымның атап өтуінше, Қ. Мәми Президентті Парламент Сенатының заңшығармашылық қызметі, Сенат сайлауын өткізуге дайындық барысы мен алдағы кезеңге арналған Палатаның жұмыс жоспары туралы хабардар етті.