Экономиканың даму қарқыны адами капиталға бөлінген инвестиция көлеміне тікелей тәуелді - Білім және ғылым министрі

АСТАНА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Экономиканың даму қарқыны адами капиталға бөлінген инвестиция көлеміне тікелей тәуелді.

Экономиканың даму қарқыны адами капиталға бөлінген инвестиция көлеміне тікелей тәуелді - Білім және ғылым министрі
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік бағдарламасын заңнамалық қамтамасыз ету жөніндегі парламенттік тыңдау барысында ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Ғаламдағы экономикалық дағдарыс жағдайында кәсіптік техникалық білім беру саласының маңызы арта түсіп отыр. Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы Жолдауында адами капиталдың дамуы қоғам тұрақтылығының негізгі басымдығы ретінде айқындалды. Сонымен бірге, Елбасы техникалық және кәсіптік білім беру орталықтарында кадрлар даярлау және қайта оқыту жөнінде ауқымды жұмыс ұйымдастыруды тапсырды. Осыған орай, 146 мың 500 адамды кәсіптік оқыту үшін бюджеттен 14,4 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінетін болады», - деді министр. Оның айтуынша, Халықаралық еңбек ұйымы бүгінгі жағдайда техникалық және кәсіптік білім берудің маңызы артып отырғанына назар аударып келеді. Мәселен, кәсіптік және техникалық білім беру біріншіден - өмірлік дағдыларды қалыптастыру және жастарды техникамен еңбек әлеміне тарту құралы ретінде, екіншіден -жұмыспен қамту шарасы бағытында, үшіншіден - өндірісті, шағын және орта бизнесті кадарлармен қамтамасыз етуші ретінде, төртіншіден - дағдарысқа қарсы негізгі фактор есебінде қарастырылады. «Экономиканың даму қарқыны адами капиталға бөлінген инвестиция көлеміне тікелей тәуелді болып табылады. Соңғы он екі жылда Қазақстанның адами даму индексі тұрақты артып келеді. Қазақстан осы мерзім ішінде 20 орынға алға жылжып, Ресей мен Беларус елдерінен басқа ТМД мемлекеттерінің барлығынан жоғары болып, 73-ші орынға көтерілді», - деді Ж. Түймебаев.