Экономистер бюджеттің талан-таражға түсуін журналистердің әмбебаптығынан да көреді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Танымал сарапшы, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Жанкелді Шымшықов Қазақстанда экономика тақырыбын терең қаузайтын журналистердің тапшылығына алаңдайды.

Экономистер бюджеттің талан-таражға түсуін журналистердің әмбебаптығынан да көреді

Оның айтуынша, осының салдарынан бюджет қаражатына халықтық бақылау жүргізілмей келеді. Ал мұндай олқылықты білетін кейбір шенеуніктер еш қорықпастан бюджет қаражатын миллиардтап ұрлауға да барып жатыр. Бұндай пікірді ол ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында білдірді. 

«Бұрын журналистика факультеттерінде экономиканы жақсы оқытты. Саяси экономика, өндірістік экономика, ауыл шаруашылығы экономикасы және тағы басқа да сабақтар көп болатын. Қазір осының басым бөлігін алып тастады. Сосын екі жыл болды, журналистика факультеттерінде ғана емес, филология факультеттерінде де экономика пәндерін қысқартып жатыр. Филологиядан журналистикаға мамандардың жиі ауысатыны бәрімізге мәлім. Сөйтіп, экономикалық теория болмағаннан кейін журналистер тақырыпты дұрыс аша алмайды. Соның салдарынан қарапайым халыққа осы саладағы жаңалықтар түсінікті тілде жетпей жатыр», - дейді Жанкелді Шымшықов.

 Бұл ретте сарапшы осы мәселеге байланысты Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс жасау қажеттігін алға тартады.

Оның айтуынша,  бүгінде журналистер «әмбебап» болып, нақты бір тақырыпқа тереңірек үңіле алмай отыр. Республикалық бюджеттің қалай құралатынын, оны облыстарға тарату мен нақты жобаларға жұмсалу жағын да журналистер біліңкіремейді. Білмегеннен кейін ол баспасөзде жазылып, жарияланбайды. Ал халыққа бюджеттің жұмсалу жағы БАҚ арқылы түсінікті тілмен жетпегендіктен мемлекет қаражатына қоғамдық бақылау жасау мүмкін емес. 

«Мәселен, бұрын халықтық бақылау деген болатын. Әрбір сала бойынша қатаң қадағалау жасалып тұрды. Қазір халықтық бақылау шаралары бәсеңдеп қалғаннан кейін бюджет қаржысын жоғары шенділердің өздері де ұрлап жатыр. Әсіресе, қоғам тарапынан, бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан толыққанды әрі дер кезінде бақылау жүргізілмейді. Экономиканы білетін журналистер дер кезінде дабыл қағып, мәселені көтерсе, біраз ақшаны сақтап қалуға болатын еді. Иә, бүгінде Есеп комитеті республикалық бюджеттің атқарылуын бақылайды. Дегенмен, олардың бақылау жұмысы жылдың соңында жүргізіледі. Ол кезде біраз кемшіліктер анықталады, бірақ бюджет қаражаты «құмға сіңген судай» болып, кететін жағына кетіп қалады. Ал осыны білгір журналистер басынан назарда ұстаса, бюджеттің тиімсіз жұмсалуына жол бермеуге болатын еді», - деп атап көрсетті экономист.

Айта кетерлігі, экономист Шымшықовтың ұсынысын әріптесі Бауыржан Ысқақов та қолдап отыр. Оның сөзіне қарағанда, экономика тақырыбына қалам тербеп жүрген журналистердің қазіргі дайындығы көңіл көншітерлік емес.

«Енді, біз телевизиялық бағдарламаларға, сан алуан экономикалық сараптамаларға берген сұхбаттарымызды артынан қарап жатамыз ғой. Сонда журналистер біздің сөзімізді негізге алып, өз ойларымен қорытындылап отырады. Әрине, ол да дұрыс. Дегенмен, сол түйінде біраз нәрсенің жетіспейтіндігін байқаймыз. Экономистер нақты бір цифрлармен сөйлейді. Оны журналистер қарапайым тілмен халыққа жеткізулері керек еді. Осы жағы кемшін. Эфирге шыққан сұхбаттың өзінен біраз «әттеген-ай»-лар болып жатады», - дейді Ысқақов.