Экософия тұжырымдамасы - балаларға экологиялық білім берудегі Президент тапсырмасымен үндеседі - министр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаңа экологиялық этиканы қалыптастыруға үндейтін - экософия тұжырымдамасы іс-шаралар кешені қарастырылған. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Экософия тұжырымдамасы - балаларға экологиялық білім берудегі Президент тапсырмасымен үндеседі - министр

«Біз рухани бай ұрпақ қана емес, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Өйткені, бәсекеге қабілеттілік – табысты ұлт болудың басты шарты. Соның ішінде жеке адам болып емес, тұтас халық болып сапаны көтеру басты мақсат.

Бұл ретте, бағдарлама аясында бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған ұрпақ қалыптастыруға арналған – «Ulttyq tárbıe», жастардың ғылыми жетістіктері туралы – «Ақылды ұрпақ» жобалары жүзеге асып жатыр», - деп тоқталды министр Сенатта «Ұлттық құндылықтар – рухани жаңғырудың негізі» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысында.

Сонымен қатар А. Балаева «Қазақи тәрбие-таным» жобасында – кітап оқитын жастардың санын арттыру, олардың жоғары эстетикалық талғамын қалыптастыру, бос уақытты тиімді жоспарлау сияқты мақсаттар көзделгенін атап өтті.

«Бұған қоса, заманауи сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпар беретін – «кәсіптік бағдарлау», сондай-ақ, ресурс үнемдеу мен жаңа экологиялық этиканы қалыптастыруға үндейтін – экософия тұжырымдамасы іс-шаралар кешені қарастырылған. Бұл – өз кезегінде, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының балаларға экологиялық білім мен тәрбие беру бойынша жүктеген тапсырмасына үндесетін жоба болмақ», - деді ведомство басшысы.

Биылдан бастап әрбір қазақстандықтың санасын көтеріп, азаматтық жауапкершілігін арттыруға арналған «Еңбек – елдің мұраты», «Құқықтық мәдениет», «Үнем – қоғам қуаты», «Дәстүр мен ғұрып» сияқты жаңа жобалар іске қосылды.

Азаматтардың жеке және кәсіби қабілеттерін дамытуға арналған «Үнем – қоғам қуаты» жобасы аясында, қаржылық сауаттылықты арттыру, өзін-өзі жетілдіру, дұрыс мінез-құлық нормаларын қалыптастыру, цифрлық және медиа-сауаттылықты дамыту мақсаттары қарастырылған.

«Дәстүр мен ғұрып» жобасында халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын дәріптеп, ізгі тәрбиеге үндейтін, заман талабымен үндесетін құндылықтарды өскелең ұрпаққа насихаттау көзделген. Бұл орайда, «rruh.kz» порталында ұлттық салт-дәстүрге қатысты танымдық-ақпараттық материалдар үнемі жарияланып отырады.