Екпе алғысы келетіндер қатары қалың – елордалық дәрігер
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан тұрғындарының басым бөлігі коронавирусқа қарсы вакцина алғанына қарамастан, екпе алуға келушілер қатары әлі де саябырсыған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Елордадағы №7 емхана дәрігерлерінің айтуынша, бүгінгі таңда COVID-19 вакцинасын негізінен медициналық рұқсаты бар науқас азаматтар, сондай-ақ оның тиімділігіне көз жеткізіп, вакцинаны алуға бел буған адамдар алады. Күніне орта есеппен 100 адам вакциналанады.
«Вакцинация әлі де жалғасып жатыр. Ниет білдіргендердің бәріне екпе саламыз. Біз аумақтық емханаға жататын адамдардың 88% астамын вакциналадық. Сондай-ақ, емханаға тіркелмегендерді де қабылдап жатырмыз. Кеше 65 адамды бірінші компонентпен және 29 адамды екінші компонентпен вакциналадық. Екпе алушылар қатары қалың», - деді №7 қалалық емхананың терапевті Әлия Өскенбекова.
Екпеге келетіндер арасында 18 жастағы жастар да, 60 жастан асқан азаматтар да бар.
«Ұзақ шешім қабылдайтындардың бірімін десем де болады. Екпе алу туралы шешімге көптен бері келе алмай жүрдім. Бірақ бүгін екпе алуға бел будым. Туыстарым мен таныстарымның бәрі дерлік вакцинациядан өтті», - деді елорда тұрғыны Артем.
Айта кетейік, бүгінде Нұр-Сұлтанда коронавирус вакцинасының бірінші компонентін 450 мыңнан астам азамат қабылдады, ал 416 мыңнан астам адам толық иммундаудан өтті.
Пандемиямен күресудің жалғыз тиімді әдісі – вакцинация арқылы ұжымдық иммунитетті дамыту.