Екпе туралы «Facebook» «сарапшыларына» емес, мамандарға жүгінген жөн - ұлттық орталық

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының бас директоры Арнұр Нұртаев , деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екпе туралы «Facebook» «сарапшыларына» емес, мамандарға жүгінген жөн - ұлттық орталық

«Қоғамда қызық үрдіс пайда болды, екпеге қарсы қозғалыс қоғамға қысым жасап, екпе егудің еш қажеті жоқ деп жүр. Әрине, ұзақ жыл өтті, адамзаттың қырылуына әкеп соққан індетті жұқпалы ауруларды қашан көргеніміз есте жоқ. Адамдар оны ұмытты да, вакцинаға қарсы қозғалысты үгіттеп жүр. Межелі шекке жақындап қалдық. Одан ассақ, адамдар екпеден бас тартып, вакцина арқылы еңсерген, әлдеқашан ұмытылған аурулар қайта қозып, адам өлімі көбеюі мүмкін. Facebook-тегі «сарапшылардың» сөздері көзсіз сенетін ақиқат емес. Сұрақ туындаса, мамандарға жүгінгеніңіз жөн», - деді Арнұр Нұртаев.

Оның айтуынша, Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі әлемдік тәжірибеге сүйеніп, заңнамаға екпе салуды міндеттеу туралы өзгеріс енгізу бойынша жұмыс істеп жатыр.

«Өйткені, вакцинадан бас тартатындар көбейді. Іс насырға шапқан соң, «Біз ескерттік» деп отырғымыз келмейді. Қазір мәселенің алдын алуға тырысып жатырмыз. Өкінішке қарай, барлық депутаттар мен қоғам бұл заң жобасына қолдау көрсетпей отыр. Керісінше, бұл норманы өткізбеуге күш салып жатқандар бар. Айыптаулар мен күмән келтіретіндер көбейді. Біздің есігіміз бәріне ашық - сараптаманы қалай жүргіземіз, сапаны қалай бағалаймыз, бәрін көрсетіп-түсіндіруге дайынбыз», - деді ол.

Сонымен бірге, орталық басшысы вакцинаға қатысты Еуропа елдерінің тәжірибесін мысалға келтірді.

«Германияда екпеден бас тартқандарға айыппұл салады. Францияда екпе салмаған баланы мектепке кіргізбейді. Швейцарияда адам вакцинаға міндеттелген және өздері сатып алуы тиіс. Қазақстанда бәрі тегін. Исламға келсек, мұсылмандар екпе салдырмайды деген қате түсінік бар. Сауд Арабиясына қажылыққа бару үшін де бірнеше аурудан қорғайтын екпе туралы анықтама көрсету қажет», - деді А. Нұртаев.