«Екпеге енжар қараймыз ба, әлде емге балаймыз ба?» - БАҚ-қа шолу
АСТАНА. 19 қазан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 19 қазан, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Қазанның 21-і күні «Астана Опера» театрының әлемдік тұсаукесері өтеді деп күтілуде. Еліміздің мәдени саласында маңызы жоғары шара қарсаңында театр директоры Төлеген Мұхамеджанов «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісіне сұхбат берген. Басылымның барлық сауалына тұщымды жауап қайырған ол: «Театрымыздың шаңырақ көтергеніне бар-жоғы төрт-ақ айдың жүзі болды. Сол себепті әлі біздерде мынадай теңдессіз туындылар бар деп ұзын-сонар тізімді алға тарта алмаймын. Алайда, бұл күн тәртібінде тұрған басты мәселе. Мұны тез арада жылдам шешуге тиіспіз. Неге десеңіз, елорданың еңселі театрын көруге жан-жақтан ағылып жұрт келеді. Мұндайда олардың сол үмітін ақтайтын сапалы дүниелер әзірлеуге барынша көңіл бөлінуде. Опера мен балеттен басқа шағын концерттерді жиі-жиі ұйымдастыру жоспарымызда бар. Мысалға, жақында ашылған Камералық залда бүгінгі күнге дейін үш рет концерттік бағдарлама өтті. Мұндай іс-шаралар бірте-бірте театрдың күнделікті тіршілік-тынысына тән құбылысқа айналып келеді. Яғни, күн сайын деп айтпағанмен аптасына 2-3 рет көрерменді баулитын түрлі бағдарламалар ұсынсақ, мұның өзі жас театр үшін зор мерей», - дейді. Сұхбат «Шаңырақтың шамшырағы» деген тақырыппен берілген.
***
«Қазіргі өркениетке ұмтылған адамзат қоғамы тек саяси-экономикалық қана емес, экологиялық, мәдени, әлеуметтік, рухани саланы дамытуға да көңіл аударып келеді. Соның бірі - соңғы уақыттарда әлемдік аренада қолға алынып келе жатқан арна гендерологиялық ілім және одан туындайтын: гендерлік саясат, гендерлік білім беру, гендерлік теңдік сияқты бағыттар болып табылады. Осыған байланысты гендерологияны дамытудың бүгінгі таңдағы маңызды бір буыны гендерлік білім болып отыр», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Гендерлік білімнің жас тұлғаның қалыптасуына ықпалы» деген тақырыптағы мақаласында. Мақала авторы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Әлеуметтік және гендерлік зерттеулер ғылыми-зерттеу институтының директоры Зәмза Қодардың жазуынша, жылдан-жылға гендерлік білім беру жас ұрпақтың толыққанды тұлға ретінде қалыптасуында өзіндік оң нәтижесін беріп келеді. Бірақ бұл әйелдерге немесе ерлерге толыққанды абсолютті еркіндік беріп, жауапкершіліктерін алып тастау дегенді білдірмейді, керісінше, қоғамдағы биологиялық-психологиялық болмысын және мәртебесін сақтай отыра, игілікті-оңды, болмыс тағайындаған дәрежедегі тиісті парыздарын күшейте түсуі тиіс. Бұл екі тарапқа да бірдей қатысты мәселе. Жастарға гендерлік білім берудің басты мақсаттары мен күтетін нәтижелерінің маңыздысы да - осы.
***
Күні кеше ғана Мемлекет басшысы қатты сынға алған «Тұрғынүй құрылысыжинақбанкіндегі» бассыздық ретке келе бастаған сыңайлы. Банк басшысының туыстары мен банктің майлы орынтағындағылар алған пәтерлерін кері қайтаратын болды. Бұл жайында «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Қалталылар бағдарламаға қатыса алмайды» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. «Банк бізге сенімді басқаруға берілгеннен бес күн өткен соң депутаттар тарапынан жасалған мәлiмдемеге қатысты жағдайдың анық-қанығына жету үшiн комиссия құрдық. Тексеру кезiнде банк басшылығы мен олардың туыстарының мемлекеттiк бағдарлама аясында пәтер алғаны анықталды. Сонымен бiрге, комиссия сатып алушылар пулын қалыптастыру барысында бiрқатар процедуралық нормалар бұзылғанын анықтады. Тексеру қорытындылары Үкiметке жолданған болатын. Ал қыркүйек айында бiз банктiң екi басқарма мүшесiнiң өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтаттық. Кей басшылар өз еркiмен жұмыстан кеттi», - деді «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Қ.Бишімбаев. Оның айтуынша, банк басшылығына пәтерлердi өз еркiмен қайтару туралы мәселе қойылады. Бұл мәселе тиiстi шешiмiн таппаса, Елбасының тапсырмасына сәйкес, жергiлiктi атқару органдары мен прокуратура арқылы мәселе сот қарауына жолданады. Яғни банк басшысының туыстары екі апта мерзім ішінде пәтерлерді ерікті түрде тапсыруы тиіс. Пәтерді қайтарған тұлғаларға бұған дейін төлеген төлемдері толығымен қайтарылады. Ал осы ұсынысқа келіспесе, онда бұл мәселе сотта қаралмақ.
***
«Алаш айнасы» басылымның сенбілік нөмірінде Атланта Олимпиадасының чемпионы Юрий Мельниченкомен арадағы сұхбат «Арнайы базаның жоқтығынан бәсекелестерімізге барып, солардың көз алдында дайындаламыз» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына егжей-тегжейлі жауап қайырған спортшы: «Менің түсінігімше, қандай спортшы болмасын, бір елден екіншісіне ауысқанда, Ресейден болсын, басқа елден болсын, басқа бір мемлекетке ойысқанда өздерінің асқақ армандарын жүзеге асыруды ойлайды. Сол армандарын жүзеге асыру үшін, яғни Олимпиада чемпионы болу үшін осындай қадамға барады. Осындай арманмен келген спортшы Олимпиада ойындарының финалында жеңісті бостан-бос бере сала ма?! Бұл жерде мәселе - материалдық мүддеде емес, спорттық жетістікте!», - дейді.
«Ауруға қарсы екпенің пайдасы бар ма, зияны қандай?» деген сұрақтың әзірге басы ашық. Дәрігерлер вакцина арқылы адамзатты аман сақтап қалуға болады десе, скептиктер оған сенбейді. Екпе бірте-бірте түрлі генетикалық ауытқуларға апарады деп өре түрегелуде. Соңғы жылдары діни сеніміне байланысты вакцинадан ат-тонын ала қашатындар да пайда болды. Осылайша пікір қақ жарылып тұрғаны рас. Осы ретте «Алаш айнасы» газетінің тілшісі екпенің пайдасы мен зиянын екшелеуге тырысқан. Мақала басылымның сенбілік санында «Екпеге енжар қараймыз ба, әлде емге балаймыз ба?» деген тақырыппен берілген.
***
Қазақстанда абақтыға тоғытылғандарды ұстап тұру үшін біршама қаржы кетеді екен . Бұл жайныда «Экспресс К» басылымындағы «Сменим реальность на условность» деген тақырыптағы мақалада айтылған. Басылымның жазуынша, сотталған бір адамға шығындалатын қаржы жылына 600 мың теңгеден асып жығылады екен. Ал мұндай адамдардың саны елімізде 48 мыңды құрайды.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мұнай-газ кеңесінің отырысын өткізді. Кездесуде мұнай-газ саласын одан әрі дамытудың, оны жаңғырту мен әртараптандырудың өзекті мәселелері қаралды. Нұрсұлтан Назарбаев еншілес компаниялар арасында функциялардың қайталануын жойып, корпоративтік басқарудың халықаралық стандарттарына сәйкестендіру мақсатында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның ұйымдастырушылық құрылымын жетілдіру қажеттігін атап өтті.