Сырым Шәріпханов министр лауазымын небары 8 ай атқарды

Сырым Шарипханов
Фото: МЧС РК

АСТАНА. KAZINFORM – Сырым Шәріпханов Төтенше жағдайлар министрі лауазымынан босатылды. Kazinform осы қызметте 7 ай жұмыс істеген экс-министр несімен есте қалғанына шолу жасады.

Сырым Шәріпханов бұл саланың тізгінін Абай облысындағы алапат өрттен кейін келген Юрий Ильиннен қабылдап алған еді

Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының бастығы болып жүрген жерінен министр лауазымына тағайындалған Сырым Шәріпханов жарты жылдан астам уақыттың ішінде министр ретінде ешқандай белсенді әрекетімен, шешімтал қимылымен есте қалмады. Соған қарамастан, үнемі БАҚ пен әлеуметтік желі қолданушыларының назарында болды. Өйткені жылдар бойы салада қордаланған проблемалардың шешімін жұрттың жаңа министрден талап етуі заңдылық еді.

Қарағанды облысының шахталарындағы апаттар, Алматы хостеліндегі өрт кезінде, жуықта болған жер сілкінісінде төтенше жағдайлар қызметі ұтымды әрекет етті деуге келмейді. 
Былтыр 1 тамыз күні Алматыда 16 қабатты үйдің өртенгені ел есінде. Амалы қалмаған тұрғындар балаларын терезеден лақтырып, артынан өздері де секіруге мәжбүр болған

Сол кезде желідегі жұрт тарапынан «Неге биіктегі адамдарға автобаспалдақ дер кезінде жетпеді?» - деген сұрақ көп қойылған.

«Автобаспалдақ бар, біз 16-қабаттан адамдарды эвакуациялауға мүмкіндік беретін үш автобаспалдақ қойған едік. Құрылысшылардың көмегіне келсек, олар жақын жерде – тұрғын үй кешенінен 300 метр қашықтықта болған және тезірек көмекке келген. Біздің бөлімшелер 8 минутта келіп, талаптарға сәйкес жұмыс істеді.

Олар секірген соң, бірер минуттан кейін біздің қызметкерлер осы пәтерлерге кіріп, адамдарды эвакуациялады. Атап айтқанда, секірген әйелдердің егде жастағы туысы құтқарылды. Өздеріңіз көріп отырғандай, балконға шығып, түтін кірмеуі үшін есікті жауып, күтуге болар еді. Көптеген адамдар сияқты құтқарушылардың көмегін күту керек еді», - деп жауап берген министр. 

Абай облысында бірнеше адамның өліміне түрткі болған алапат орман өрті кезінде тілсіз жау туралы дер кезінде хабарландыру жүйесінің болмағаны қатты сынға ұшыраған. Дәл сондай қателік Сырым Шәріпхановтың кезінде болған Алматыдағы жер сілкінісінде де қайталанды. 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ізінше Алматыға сапарлап, министрге ескерту жасаған болатын.

«Қазіргі жұмысты көңілден шығады деп айтуға келмейді. Министр Шәріпхановқа ескертемін. Егер сіз өз жұмысыңызды ауыр санайтын болсаңыз, ашығын айтыңыз, ғылыми-оқытушылық қызметіңізге қайтарамыз. Онда тұрған ештеңе жоқ. Қазіргі ахуал өте күрделі және жауапты, еліміздің қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Сондықтан бәріміз жинақы, ұқыпты және белсенді болуымыз қажет. Басқа жол жоқ. Президент Әкімшілігі бүгін айтылған барлық мәселені бақылауда ұстайды», - деген болатын Мемлекет басшысы.

Қыркүйек айының басында Сырым Шәріпханов WhatsApp мессенджерінде ведомствоның жеке құрамына арналған телефон нөмірі іске қосқаны хабарланды.

Бұл нөмір Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелерінің, ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері өз сұрақтарын министр атына тікелей жолдау үшін ашылғаны айтылды. 

Бүгін оның орнына Шыңғыс Әрінов министр болып келді

Соңғы жаңалықтар