Экс-министр Зүлфия Сүлейменова: Оңтүстікте судың «көлеңкелі нарығы» 5 млрд теңгеге жеткен

АСТАНА. ҚазАқпарат – Экология және табиғи ресурстар министрінің лауазымынан босаған Зүлфия Сүлейменова әлеуметтік желіде ведомствоны өзі басқарып тұрған тұста атқарылған шаруалар жайында жазба қалдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Экс-министр Зүлфия Сүлейменова: Оңтүстікте судың «көлеңкелі нарығы» 5 млрд теңгеге жеткен
Болжамды есептер бойынша, Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде егіс суару кезіндегі судың «көлеңкелі нарығы» 5 млрд теңге деп бағаланады. Біз осындай актілерді гидротехникалық карталарды жаңартуды және қайта жазуды жою арқылы, сондай-ақ заңнамадағы жаңа түзетулерді бұзғаны үшін қолданылатын жауапкершілікті қатаңдату арқылы шаралар қабылдап бастаған едік.Министрлік басшылығы осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыратынына сенімдімін

, - деп жазды ол Instagram-парақшасында.

Сондай-ақ экс-министр «Қазсушар» компаниясының 2017-2018 жылдары алған сыртқы қарызы көптеген қиындықтар туғызғанын еске алады.

Осыған байланысты біз ол қарызды қайта құрылымдап, компанияны қаржылық тұрғыдан сауықтыруға кірістік. «Қазсушар» РМК-ны «Нұра топтық су құбыры» РМК-мен біріктіру арқылы және «Су-Метралогия» филиалын бөліп шығару арқылы қайта құрылымдаудың жол картасы әзірленді. Өйткені мүдделер қақтығысы бар еді. Компанияның қаржылай тұрақтылығын бірнеше рет мәселе етіп көтердім. Ақырында Жоғары аудиторлық палата тексеру жүргізді. Анықталған заң бұзу фаткілерінің бәрі бойынша министрліктің жаңа басшылығы біз қабылдап үлгермеген тиісті шешімдерді қабылдайды ден сенемін

, - делінген жазбада.

Еске салайық, бүгін Президент Жарлығымен Ерлан Нысанбаев Экология және табиғи ресурстар министрі лауазымына тағайындалды.