Экс-шенеунік Шаяхметовке қатысты соттың кезекті отырысы 23 шілдеде өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлық бабымен айыпталған бұрынғы білім және ғылым вице-министрі Саят Шаяхметовке қатысты кезекті сот отырысы 23 шілдеде өтетін болды. Бүгін Астана қаласы №2 Алматы аудандық сотының судьясы Бақытбек Сыздықов осындай қаулы шығарды.
Тоқтала кететін жайт, бүгін соттың алғашқы отырысында экс-шенеунік те, айыпталушы басқа тарап та өздеріне тағылған айыпты толық жоққа шығарып, кінәлі екендерін мойындаудан бас тартатындықтарын мәлімдеген.
Еске сала кетейік, 2013 жылдың 1 қарашасында қаржы полициясы бұрынғы вице-министрге қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтаған болатын. Бұл ретте С. Шаяхметов Өскеменде 700 орындық білім беру мекемесі құрылысы кезінде қызмет өкілеттігін теріс пайдаланды деп айыпталып отыр. Ол мемлекетке 1,15 млрд. теңге көлемінде шығын келтірді делінеді. Бұдан бөлек, сотта айыпталушы ретінде «Қазақстан Республикасында салынып жатқан білім және ғылым нысандары дирекциясы» ЖШС бас директоры Александр Пак, «Сервис ЖАК» ЖШС бұрынғы бас директоры Роман Киреев пен, аталған ЖШС қазіргі директоры Алексей Тутубалин бар. Оларға бюджет қаржысын алаяқтық жолмен жымқырды деген айып тағылған.