Экс-тергеуші Олеся Кексель адам азаптауға қатысы бар деген күдікке ілінді
АСТАНА. KAZINFORM – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Тергеу департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Олеся Кексель адам азаптауға қатысы бар деген күдікке ілінді. Бұл ақпаратты ҚР Бас прокуратурасы растады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

– 2025 жылдың 4 шілдесінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Тергеу департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Кексель О.И. ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабы 2-бөлігінің 1 және 2-тармақтарында көзделген қылмысты («Азаптау») жасауда күдікті деп танылды, - деп жазылған хабарламада.
Еске сала кетейік, 2019 жылы Бас прокуратураға бір азамат оны тергеушілер өзіне қарсы куәлік беруге мәжбүрлегенін айтып, шағым түсірген болатын. Бұл шағымда сол кездегі Арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы басшысы Олеся Кексельдің де аты аталған.
Алайда сол кезде ІІМ бұл істе қылмыстық құрам жоқ деп, тергеуді тоқтатқан еді.
Олеся Кексель ҚР бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев, бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов, Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитеті төрағасының бұрынғы міндетін атқарушы Лариса Пак, сондай-ақ ҚР Ұлттық экономикасының бұрынғы министрі Қуандық Бишімбаевтың істерін тергеген.