Экшн-фильмдердің «Astana» халықаралық фестивалінде жеңіске жеткен «Аполлон-18» фильмінің түсірілімі аяқталу үстінде - Т.Бекмамбетов
АНА. 1 шілде. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Экшн-фильмдердің «Astana» халықаралық фестивалінде өткен жылы жеңіске жеткен «Аполлон-18» фильмінің түсірілімі аяқталу үстінде. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында кинорежиссер Тимур Бекмамбетов мәлім етті.
Еске салайық, Экшн-фильмдердің «Astana» халықаралық фестивалі Астананың туған күнін атап өту аясында былтыр алғашқы рет өткізілді. Фестивальдың ұйымдастырушысы және президенті - экшн-фильмдердің әлемдік режиссері Тимур Бекмамбетов.
Елорда күні қарсаңында ашылып, бірнеше күнге жалғасатын халықаралық фестиваль барысында жас кинорежиссерлардың әлі түсірілмеген картиналарының жобалары таныстырылып, жеңімпаздар анықталады.
«Биыл жылдағыдай, фильмдердің арасында байқау болмайды, байқау тек алдағы уақытта түсірілмек картиналардың арасында өтеді», - деп атап өтті Т.Бекмамбетов.
Өткен жылы фестиваль барысында әлемнің түкпір-түкпірінен түскен мыңға жуық өтінімдердің арасында іріктеп алынған - бес жоба қатысты. Кино өнерінің майталмандарынан құралған қазылар алқасы таңдауларын жас режиссерлар, ағайынды Вайнштейндардың «Аполлон-18» фильміне берген болатын.
Бүгін Т.Бекмамбетов, «Astana» фестиваліндағы жеңісінен кейін «Аполлон-18» фильмінің түсірілімі көп ұзамай басталғанын айтты. «Dimension Films» студиясында түсіріліп жатқан картина жоспар бойынша үстіміздегі жылдың қыркүйегінде америкалық көрермендерге жол тартпақ. «Фильмнің атауын «Гугл»-ға енгізіп, іздеп көрсеңіздер, көрермендер бұл фильмді тағатсыздана тосып жүргенін көре аласыздар», - деді режиссер.
«Биыл фестиваль аясында кезекті байқау өтеді. Біз өтінімдерді әлем бойынша алдық. Лос-Анжелесте олардың арасынан әдеттегідей 5 жобаны таңдап алдық. Сондай-ақ, Қазақстанның кинематографистерінен 5 жұмысты қабылдадық. Жас кинематографистер фестиваль аясында кезекті рет өздерінің жобаларын таныстыру мүмкіндігіне ие болады. Оның соңында біз бір ғана жобаны таңдап аламыз. Оны бір жыл ішінде фильге айналдырып, экранға шығарамыз», - деп түйіндеді сөзін Т.Бекмамбетов.
Әлемдік режиссер атап көрсеткендей, Экшн-фильмдердің «Astana» халықаралық фестивалін жаңа фильмдер туындайтын алаң ретінде айтуға болады.